Қылмыс

Науқастар арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталды

 Қайғылы оқиға облыстық туберкулезге қарсы диспансердің өкпе бөлімшесінде орын алған. Куәгерлердің айтуы бойынша бөлімшенің бірнеше науқасы кешкісін далада арақ ішкен. Ал кейін палатада жанжалдасып қалса керек. 26 жасар науқас   дөрекі сөйлеген көршісіне пышақ сұғып алған. 38 жастағы ер адам сол жерде көз жұмды. Бұған дейін бірнеше рет түзету мекемелерінде жазасын өтеген науқас көршісінің балағат сөздеріне төзбеген көрінеді.

 Асқар Ысқақов, Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі:

 

 

-Күдікті бұған дейін үш рет түзету мекемелерінде жазасын өтеген. Ұрлық пен бопсалық, адам денсаулығына зиян келтіргені үшін істі болған. Емдеу мекемесінде туберкулездің ашық формасынан ем алып жатқан. Осыдан бір жыл бұрын ғана бостандыққа шыққан.

Босаған ішімдік шынылары, ас үй пышағы  айғақ зат ретінде алынды.   Ал күдікті тергеу изоляторына қамалды. Факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туберкулезге қарсы диспансерде орын алған бірінші адам өлтіру фактісі емес. Бұған дейінгі жылдары да емдеу мекемесінде науқастар арасындағы жанжал кезінде адам өлімі тіркелген.

Әсем Рахметова