Өңірімізде қылмыстың күрт артып кеткені прокурорларды да алаңдатып отыр. Мәселен жыл басынан облысымызда 1309 заңға қайшы әрекет тіркеліпті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,1 пайызға артық
Серікбай Ерімбетов, облыс прокурорының орынбасары:
– Қылмыстың көбеюінің басты себептерінің бірі – алкоголь өнімдерінің қолжетімді болуы. Тәртіп бұзушылықтардың көпшілігін ащы суға уланғандар жасаған. Тағы бір жайт – жұмыссыздық. Өйткені қылмысқа барған азаматтардың 72 пайызы жұмыспен қамтылмаған.
БАҚ өкілдері құқық қорғаушыларға аты шулы қылмыстар жайлы бірқатар сұрақтар қойды. Солардың бірі – Ғ.Мүсірепов ауданы Новоишимка ауылындағы ұйымдасқан топтың әрекеттері еді. Бүтін бір ауданды үрейде ұстаған қылмыскерлерге сәуірдің 26-сында үкім шықты. Алайда Ерлан Баймульдинов бастаған қаскөйлердің қанқұйлы әрекеттері жайлы аудан прокуроры бұрыннан-ақ хабардар болған, осыған орай судья арнайы қаулы шығарған.
Динара Найманова, СҚО прокуратура басқармасы бастығының орынбасары:
– Қаулы бойынша қазіргі уақытта оның еш әрекет етпеуінің заңдылығы қарастырылып жатыр. Өйткені қаулыда көрсетілген қылмысты жасауға итермелеген себептер 2009 жылы Ішкі істер органдары және прокуратура тарапынан қаралды.
Жиын барысында қылмыстық топтың құрамына Ғ.Мүсірепов ауданының бұрынғы әкімі Қырым Жекебаевтың ұлы Асанның кіргені де белгілі болды. Ол қазір іздеуде көрінеді.
Айдана Демесінова