Денсаулық сақтау

Жұқпалы ауруларға қарсы егу апталығы басталды

 

 

 

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын тапқан дұрыс дейді ақ халатты абзал жандар. Бұның бірден бір амалы  – жаппай иммунизациялау апталығынан кеш қалмау. Елімізде Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының бұл игі бастамасы 2007  жылдан бері жүзеге асып келеді. Кезекті науқанда қорғаныш дәрмектері дифтерия, сіреспе, көкжөтел, қызылша, қызамық, полиомиелит сияқты жұқпалы дерттердің алдын алу үшін егілуде.

Юрий Пузиков, СҚО СЭҚД бастығының орынбасары:
– Иммунизациялау екі кезеңде өтеді. Алғашқысы сәуірдің 23 -30 аралығында. Бұнда негізінен қауіпті топтағы адамдар дифтерия, көкжөтел мен паротитқа қарсы егіледі. Әсіресе шетелдік азаматтар, оңалту және қайта бейімдеу орталығының уақытша қонақтары мен мектеп оқушылары. Алайда ауа арқылы ағзаға тарайтын қоздырғыш инфекциялық вирустардан ешкім қорғалмаған. Сондықтан денсаулығына немқұрайдылық танытпай, тұрғындар жаппай қатысуы тиіс. Вакцина тегін таратылады.  

Келесі кезең сәуірдің 30-мамырдың 7-сі  аралығында өтеді. Онда 47 мыңнан астам 6 жасқа дейінгі балдырғандар полиомиелитке қарсы егіледі.Бұл мақсатқа республикалық қордан 54 мың вакцина алыныпты.

 Людмила Лис, Петропавл қалалық балалар емханасы бас дәрігерінің орынбасары:
– Қазір қаламыздағы 2 емханада 24 мың бала тіркелген. Оның 9 353 алдын алу шарасына тартылады. Бельгиялық вакцинаның кері әсері жоқ. Барлық талаптарға жауап береді. Ата-аналарға алаңдайтын себеп жоқ.

Иммунизацияның бүлдіршіндердің денсаулығына пайдалы екенін ата-аналар жақсы біледі. Сондықтан олар балаларын жетектеп келіп жатыр.  Дәрігерлер де маңызды науқанға ерте бастан қамданып қойыпты. Өңіріміздегі әрбір емдеу мекемесінде қосымша егу кабинеттері жабдықталған. Иммунизация барысында шалғай аудандарға арнайы бригадалар мен жылжымалы пункттер шығып тұрады.

Жеңіс Ермұқанов