ТКШ

Тұрғын үй-коммуналдық саланы жаңғырту жобасы талқыланды



 

 

Тұрғын үй-коммуналдық саласын модернизациялау бағдарламасының жобасы Елбасының тапсырмасы бойынша дайындалған. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шүкеев жобаны облыс, қала әкімдерінің қарауына салды. Бағдарламаның иі қанбаған тұстары бар. Дегенмен, құжаттың еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық саланы жөндеп алуда көмегі зор болмақ. Жұмыс ауқымды. Бағдарламаның бірінші бағыты – су, жылу жүйелерін жөндеу мен салуға арналған. Бұл мақсатқа мемлекеттен 63 миллиард теңге бөлінбек. Екінші бағыт көпқабатты тұрғын үйлерді жөндеуді көздейді. Қаржының басым бөлігі облыс орталықтарында, үлкен қалаларда қалуы тиіс. Әрі толық аудандар мен кварталдарды қамтығаны дұрыс. Үкімет қаржысы 7 жылға 0,1 пайыздық несие түрінде облыстық әкімдіктерге бөлінеді. Облыстық әкімдік оны қалалық атқарушы органға береді. Ал қалалық әкімдік мердігерді таңдайды. Қомақты қаржы мемлекет қазынасына қайтарылуы тиіс. Қайтаратын – тұрғындар. Әр облысқа 700 миллионнан екі миллиардқа дейін қаржы есептеліп отыр. Бағдарлама бойынша жылына әр қаладан 150 үйге дейін жөндеп алуға болады. Бұл жұмыстың арқасында энергия шығынын да 30 пайызға дейін азайтуға болады. Бағдарлама үкімет отырысында тағы бір мәрте қаралып, Мәжіліске жөнелтіледі. Облыс әкімдері көптен күткен бағдарламаны жүзеге асыруға әзір. Жаздың алты айында барынша мол шаруа атқаруға болады. Сондықтан қаланы аралап, жұмыс жүргізілетін көбқабатты үйлерді таңдау керек.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Тұрғын үй қоры жыл өткен сайын тозып жатыр. Бұл шаруаны кешіктірмей қолға алуымыз қажет. Облыс орталығы бойынша жұмыс жүргізілетін аудандарды анықтау үшін арнайы комиссия құрамыз. Төрағасы облыс әкімінің бірінші орынбасары Самат Ескендіров, орынбасары – қала әкімі Нұржан Әшімбетов.

Тозығы жеткен үйлердің шатырын, қасбетін жөндеп, жертөлесін қалпына келтіру, лифтілерін іске қосу қомақты қаржыны талап етеді. Әрі мемлекет тарапынан мұндай қолдау күнде бола бермейді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып қалу керек. Ал жұмыс жүргізілетін нысандарды іріктеу кезінде пәтер иелері кооперативтерінің  еті тірі төрағалары мен тұрғындары белсенді үйлерді таңдағаны дұрыс. Бұл жұмысты арнайы комиссия жүргізетін болады.

Әсем Рахметова