Әр түрлі

Петропавлдағы Пасха мерекесі

 

 

 

 

Пасха – христиан дінінің ежелгі әрі ең маңызды мейрамы. Бұл күні православие сеніміндегілер храмға барып, туған-туыстары мен жақындары үшін құдайға сыйынады. Сенбіден жексенбіге қараған түні солтүстікқазақстандық христиандар қасиетті Петр мен Павелдің Соборына жиналды. Олар көктемгі мерекені асыға күтсе керек.

 Тұрғындар:
-Бұл әлем бойынша ең жарқын мейрам. Біз Пасханы отбасымызбен тойлаймыз.
-Біз құдайға сенеміз. Оның бізді қиындықта қолдайтынын білеміз. Мен балаларым мен немерелерімнің денсаулығы үшін сыйынуға келдім.

-Пасха -ең жақсы мерекелердің бірі. Бұл күні Жаратушы барлық қателіктерімізді кешіреді.

Облыс әкімі Серік Біләлов шіркеуге келушілерді христиан дінінің айтулы мейрамымен құттықтап, оларға денсаулық, бақыт пен аманшылық тіледі.

Серік Біләлов, облыс әкімі:
– Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында түрлі ұлт өкілдері бейбіт аспан астында өмір сүруде. Біз әр халықтың мәдениеті мен салтын тең дәрежеде ұстаймыз. Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Пасха болсын бәрін бірдей атап өтеміз.

Серік Біләлов Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай жерлестерімізді елдің болашағы үшін кемел істер атқаруға шақырды.

Бұл мерекелік түнде шіркеуге аға буын өкілдері мен балалар бірдей келді. Айту керек, кейбір христиандар үшін Пасха отбасылық дәстүрлі мерекеге айналған.

Эльвира Гайдемская:
–  Біз бұл жерге жиі келіп, құдайға құлшылық етеміз. Пасха біз үшін өте маңызды мереке. Балалардың амандығы үшін дұға оқимыз.  

Мерекелік литургия таң атқанша жалғасты.

Гүлден Сәрсенбаева