Қоғам

Автокеруен Батыс Қазақстанға аттандырылды

  

 

 

 

 

Су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстанға көмек береміз дегенді естіген өңір тұрғындары қарап қалмаған. Біраз күннің ішінде 2 жүк машинасы болатын зат жиналып қалды. 40 тонна ұн, 5 тонна дәнді дақылдар, азық-түлік, дәрі-дәрмек, жылы киім-кешек, резеңке етіктер. Соңғысына деген сұраныс Оралда өте үлкен.

  Әлібек Қартов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
– “Нұр Отан” партиясының бастамасымен қаламыз бен  аудандарда батысқазақстандықтарға қайырымдылық көмегін жинау үшін арнайы штабтар құрылды. Айту керек, жерлестеріміз аса белсенділік танытуда. Әрбірі қолдан келгенінше көмек жасаймыз, қандай жәрдем керек деп біздің кеңсеге өздері келіп жатыр.
Құрметті демалысқа шыққан адамдар зейнетақыларын аударып жатыр.  

Су жайылған елді мекендердің инфрақұрылымдары, автокөлік жолдары, электр желілері, телефон байланысы, газбен қамту жүйелері істен шықты. Баспанасыз қалған отандастарымыз кез-келген көмекті қажет етеді.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
– Үш күннің ішінде осындай автокөліктер дайындалды. Барлық кәсіпкерлер, жай адамдар тауарларды жинап, соны қазір Батыс Қазақстанға  жіберейін деп отырмыз. Бүгін шотқа 4 млн теңге ақша түсті. Бұл ақшаны да кәсіпкерлер мен адамдар қосып жатыр. Оны да жинап Батыс қазақстанға жіберетін боламыз.  

Солтүстікқазақстандықтардың бір күндік жалақылары да игі шараға аударылатын болады.

Тұрғындар:
– Табиғат апатына байланысты болып жатқан жағдайды білеміз. Сондықтан біз осы отандастарымызға әрқашан көмекке әрқашан қол ұшымызды беруге дайынбыз.
– Батыс Қазақстанға көмектесу керек. Әсіресе біз, жастар, шет қалмаймыз. Өзіміздің үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені біздің басымызға күн туып қалса олар бізге де көмектеседі. Себебі біз қазақстандықтармыз.

Жолға шыққан гуманитарлық жүк 4 тәулікте Батыс Қазақстанға жетпек.
Жеңіс Ермұқанов