Білім

«Престиж» білім сайысы

 

 

 

Интеллектуалдық олимпиаданың ұйымдастырылып жүргеніне биыл 20 жыл. Осы уақыттың ішінде білім додасынан қанаттанған тәуелсіз мемлекетіміздің оқушылары талай халықаралық байқауларда топ жарып, ел мәртебесін асқақтатты.

 Алла Борщ,  №1 қалалық  лицей директорының орынбасары:
– Бұл олимпиада ортаңғы буын оқушыларының білім деңгейін тексеруге бағытталған. Бұдан озып шыққан шәкірттеріміз көптеген байқауларда да өздерін жақсы қырларынан танытып жүр. Тіпті халықаралық додалардың үздіктері де өздерінің жеңісті жолдарын осы турнирден бастады.

Бүгін кезекті білім тартысының жеңімпаздары анықталды. Бұл сында білгендерін тексеруге 197 оқушы тілек білдіріпті. 4- 6-шы сынып оқушылары математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінен сынақ тапсырды. Жалпы есепте ең кіші сайыскерлер арасында №1 қалалық жалпы білім беру лицейінің 4-ші сынып оқушысы Настя Сенчуровамен теңесер оқушы табылмады.

 Настя Сенчурова, №1 қалалық жалпы білім беру лицейінің оқушысы:
– Ағылшын мен қазақ тілдері сәл қиындық тудырды. Десе де барлық тапсырманы дұрыс орындадым. Алдағы олимпиадаларда да тек жеңімпаз атануға тырысамын.

Ал 7 сынып оқушылары гуманитарлық, жаратылыстану-жағрафия және  математика пәндерден білімдерін сынады. Ұйымдастырушылар әсіресе сайыскерлердің мемлекеттік тілден көрсеткен нәтижелерінің жоғары болғанын айтады.

 Дидар Опанова, №1 қалалық  лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі:
– №1 лицейдің түлектері қазақ тілінен ҰБТ әрдайым бірінші орында келеді. Бүгін өтіп жатқан “Престиж” сайысында қазақ тілінен орта буын оқушылары да жоғары білімдерімен танылып, 1-ші орынға қол жеткізді. “Престиж” турнирі – жоғары  жетістіктерге апаратын бір баспалдақ.

№1 қалалық жалпы білім беру лицейінің ашық интеллектуалдық олимпиадасына сондай-ақ облыс орталығының өзге мектептерінің де оқушылары қатысты. Барлығы 16 құрама жиналыпты.

 Әдина Тоқтарова,  № 26 орта мектеп оқушысы:
– Мен тарих, ағылшын, орыс, қазақ тілдерінен олимпиадаға қатыстым.
Соның ішінде қазақ тілінен 1-ші орын алдым. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Өйткені өзге тілдің бәрін білгеніңмен өз тіліңді құрметтеу керек.

Ал физика пәнінен ең жоғарғы ұпай жинаған №1 қалалық жалпы білім беру лицейінің оқушысы Бекболат Әбдіқанов бас жүлде  – энциклопедиялық кітаптар жиынтығына ие болды.

Бекболат Әбдіқанов,  №1 қалалық  лицейінің оқушысы:
– Физикадан приз алу әр адамға қуанышты. Маған өте қуанышты болды. Себебі бұл мектепте бірінші жыл оқып жүрмін. Мен математикадан көп бал жинамасам да физикадан көп алдым. Әрине болашағымды физикамен байланыстырғым келеді.  

Салтаннатты түрде марапаттау рәсімі жеңімпаздарды өнер ұжымдарының құттықтау концертіне ұласты.

Жеңіс Ермұқанов