Денсаулық сақтау

Облыс нейрохирургтері күрделі ота жасады

 

 

Осыдан екі апта бұрын Евгений Рудер аяқ астынан мүгедек атанудың аз-ақ алдында қалды. Ол терезенің әйнегін ауыстырамын деп, үйдің 3-қабатынан құлап, мойын омыртқасын сындырып алған болатын. Ал қазір жігіт өздігінен қозғалып, қалыпты өміріне оралуға асығып жүр. Евгенийдің қуанышына орай, бұл мүмкін.

 Евгений Рудер, науқас:
-Ауруханаға түсіп есімді жиғанда қол-аяғымды сезбедім. Енді ешқашан жүре алмаймын ба деп қорықтым. Үрейлерімнің барлығы артта қалды. Сол үшін дәрігерлерге алғысым шексіз.

3 сағатқа созылған ота кезінде Евгенидің мойын омыртқасына жасанды имплантант салынды. Көп ұзамай титаннан жасалған бұл материал сүйекпен бітіп кетеді. Аса қауіпті әрі тәжірибесінде мұндай алғашқы отаны нейрохирург дәрігер Смайыл Сатин жасады. Бұған дейін ол Ресейдің Новокузнецск қаласында арнайы курстан өтіпті.

Смайыл Сатин, нейрохирург дәрігер:
-Бұл науқастың мойнындағы төртінші омыртқасы қатты зақымданған . Сынығын алып тастап мына жерге имплантант салдық. Әрине, басында мен қатты қобалжыдым. Бірақ бәрі сәтті өтті.

30 орынға шақталған бөлімшеде сынған омыртқаға ота бұрын да жасалатын, бірақ имплантант болмағандықтан қажетті сүйек науқастың өз мүшелерінен алынып, жазылуы ұзаққа соылатын еді. .   

Анатолий Волвенко, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:
– Титаннан жасалған  имплантант биологиялық жағынан адам сүйегіне жақын. Сондықтан ол тез бітіп кетеді. Материал мықты болғандықтан тиесілі күшті көтере алады.
Әлі осындай оталарды көптеп жасаймыз.

Мұндай отаны шетелде жасату қалталылардың ғана қолынан келеді дейді дәрігерлер. Ал бізде ол мемлекет есебінен қаржыландырылады.

Олег Завьялов, облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары:
мплантанттар ауруханаға бір ай бұрын түсті. Жиынтығы 2,5 млн теңге тұрады. Алда басқа жаңа құрылғылар алып, бұдан да күрделі оталар жасауды жоспарлап отырмыз.  

Дәрігерлер медицинаның мүмкіндігі шексіз деуден жалықпайды. Аталған отаны олар жылына 10-12 мәрте жасауды жоспарлап отыр.

Кәусар Аяпбергенқызы