Билік

Облыста “Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі” атты өңір жастарының марафон-эстафетасы бастау алды

 

«Жайнай бер, Отан! Гүлдене бер, Қазақстан!» деп ұрандатқан өңір жастары Аққайың ауданының орталығында бас қосты. Барлығының мақсаты бір. Олар ауылды жерлерін көгалдандырамыз деп белді бекем буған. Отансүйгіш жастардың жиыны еліміздің Әнұранымен ашылды.  Облыс әкімі Серік Біләлов жауапты іске кіріскелі тұрған кейінгі буынның бет алысын құптады . Сондай-ақ барлық жастарды еліміз үшін маңызды шарадан сырт қалмауға шақырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
“Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі” жастар марафон эстафетасына қош келдіңіздер. Осындай шара еліміздің барлық өңірлерінде өтуде. Бұл акцияның жастарға патриоттық тәрбие беруде маңызы ерекше. Елбасының игі бастамасын қолдап, Отанымызды көркейтуге үлес қосуға шақырамын.  

Өңір жетекшісі марафон-эстафетаның туын салтанатты түрде жастарға ұстатып, игі бастамаларына сәттілік тіледі.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Құрметті жастар!  “Ауылдың гүлденуі-Қазақстанның гүлденуі” атты марафон-эстафетаның бастамасы ретінде мен сіздерге осы туды тапсырамын.

 Самат Жәкенов,  СҚО “Жас Отан” ЖҚ атқарушы хатшысы:
– Елбасының қолдауымен бастау алған “Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” атты жастардың марафон-эстафетасын барлық облыс аумағында атқаруға дайынбыз. Бұл игі шараны жедел әрі ауқымды түрде өткізуге кепіл беремін.  

Шынымен де ауқымды шара өңіріміздің бір де бір ауылын айналып өтпейтін болады. Бұл мақсатта облыс бойынша 14 аумақтық штаб құрылыпты. Негізгі жұмыс ауқымы да нақты айқындалған.
Сондай-ақ белсенді жастардың күшімен ҰОС, тыл еңбекерлері, мүгедек жандардың орамдары, ауылдағы әлеуметтік нысандар ретке келтіріліп, жаңа ғимараттар бой көтермек. Су көздері, тоғайлар қыстан қалған қоқыстан арылатын болады. Акция бір қолға екі күрек таба алмай жүрген жастарға да зор мүмкіндіктер ашып отыр. Игі шара барысында 22 мыңға жуық солтүстікқазақстандық жас жұмыспен қамтылады деп көзделуде. Акция көбіне жазғы демалыста қосымша табыс көзіне айналмақ.

  Нүркен Сейсенбаев, мәдениет үйінің қызметкері, Есіл ауданы:
-Тәуелсіз мемлекетте сапалы білім беріліп, жастарға үлкен қамқорлық жасалып жатыр. Енді сол білімімен ауылымның гүлденуіне еңбек етемін.  

Сондай-ақ “Жасыл ел” мемлекеттік бағдарламасын  жүзеге асыруға облыс бойынша 5 млн. теңге қарастырылған. Елді мекендерді қайта жандандыруға бағытталған  «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да жалғасын табады. Айталық, өткен жылы 246 жас маман ауылдық жерде жұмысқа тұрса, биыл  олардың жолын қуатындардың саны 508-ге болмақ.

 Саламат Душемова, қазақ тілі және әдебиет пәндерінің мұғалімі, М. Жұмабаев ауданы:
– “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен Қарақоға орта мектебіне жұмысқа тұрдым. Көтерме ақы алдым. Тұрғын үймен қамтамасыз етті. Қолайлы жұмыс жасауыма бар мүмкіндіктер жасалды.
Менің міндетім – жастарға сапалы білім беріп, ел  патриоттарын тәрбиелеу.

Аға буын өкілдері жастардың ел саясатына ерте араласып, қоғам үшін маңызды жұмыстарға білек сыбанып кірісіп жатқандарына қуанышты. Жастардың марафоны облысымыздың өнер ұжымдары ұсынған мерекелік концертке ұласты.
Салтанатты жиыннан соң облыс әкімі Серік Біләлов Аққайың ауданының орталығында тұрғызылатын Тәуелсіздік монументінің іргетасына капсула салды. 
Кейін өңір жетекшісі гүлбақтың алғашқы көшетін отырғызды. Монументтің айналасы жайқалған жас қарағайларға толы болмақ. Кеспе тас төселініп, екі бірдей субұрқақ салу да жоспарда бар. Сондай-ақ аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатын саябақта балалар аттракциондары тұрғызылады. Бұл жұмыстарға аудан қазынасынан 18 млн теңге қарастырылыпты.

 
Жеңіс Ермұқанов