Өнеркәсіп

Отандық тауықтың жаңа түрі Бескөлде шығарылады

  
 
Мына өндіріс цехындағы мекиен тауықтың саны 38 мыңға жетеді. Күніне бұл жерде 28 мың дана жұмыртқа өндіріледі. Бүгінде өнімділік жетпіс бес пайызды құрайды.

 

Бұл көрсеткішті сексен пайыздан асыру көзделіп отыр.

  Людмила Воротникова, «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС бас технологы:
Үш жыл бұрын цехта жаңа қондырғы орнатылды. Бұрынғы тор 25 мың құсқа шақталған болса, қазіргі тордағы орын 38 мыңды құрайды. Жаңа қондырғыны орнату нәтижесінде құстарға азық беру үрдісі жетілдірілді. Әрі өнімділік артты. Бүгінде бұл жердегі құстар алты айлық қана. Сондықтан алдағы уақытта өнімділік тағы 10-15 пайызға өседі.

Фабриканың жылдық қуаты – 55 млн. дана жұмыртқаны құрайды. Тауықтан өзге шаруашылықта күркетауық, қаз, үйрек өсіріледі. Айту керек, жергілікті фабрика асыл тұқымды үйрек өсіретін республикадағы бірден-бір шаруашылық.
Серіктестік мамандары мен мал және өсімдік шаруашылығын ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары соңғы он бес жылда үлкен жұмыс атқарған. Шаруашылықта будандастыру нәтижесінде үйректің жаңа үш тұқымы алыныпты.

 Ақан Жүнісов, «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС бас зоотехнигі:
-Не себептен осындай жұмысқа бардық. Жергілікті үйректердің салмағы аз, сақталуы төмен, жұмыртқа шығаруы төмен. Осы көрсеткіштерді ұлғайту үшін біз пекиннің ақ үйректерімен шағылыстырдық. Нәтижесінде үйректің 3 тұқымын шығардық – ол ақбауыр, күл түстес және хаки.

Құсқа қажетті азық кәсіпорынның өзінде дайындалады. Бұл мақсаттта екі жыл бұрын жем-шөп зауыты салыныпты. Заман талабына сай қондырғының өнімділігі – сағатына бес тонна. Құс азығы шаруашылықтың өз алқаптарында өсірілетін дақылдардан әзірленеді.  «Бескөл құс фабрикасы» – бүгінгі таңда облыстағы тұрақты дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Тәуелсіздік жылдары серіктестік ұжымы өсіп-өркендеудің дұрыс бағытын айқындап алды. Сондықтан бүгінде кәсіпорын сенімді алға жылжып келе жатыр. Әлбетте, мұнымен тоқтамақ емес.

  Ерік Біләлов,«Бескөл құс фабрикасы» ЖШС директоры:
Үстіміздегі жылы 100 гектар жерге картоптың үш түрі – алладин, ромуно және невская отырғызылады. Көкөніс өсіруде голландтық технология қолданамыз. Тұқым облыстағы тәжірибе станциясы мен Қарағандыдан жеткізіледі. Айту керек, мемлекеттен қолдау бар. Бұл алдағы уақытқа үлкен жоспарлар қоюға толыққанды мүмкіндік береді.   

Ал кәсіпорынның жоспары үлкен. Мамандар алдағы екі-үш жылда тауықтың отандық жаңа тұқымын алмақ.

 Ақан Жүнісов, «Бескөл құс фабрикасы» ЖШС бас зоотехнигі:
-Алматының және жергілікті ғалымдармен бірігіп біз тауықтың жаңа отандық тұқымын шығару жұмысын бастадық.
Екі тізбегіміз бар. Үшінші тізбекті Москвададағы атақты асыл тұқымды құс фабрикасынан келісіп әкелеміз. Алдағы екі-үш жыл ішінде тауықтың жаңа отандық тұқымын шығарамыз деп отырмыз.

Биыл сыйымдылығы 3 мың тонна көкөніс қоймасының құрылысын бастау да көзделіп отыр.

Айымгүл Әбілева