Қоғам

Алғашқы сенбіліктің қорытындылары

 

Туған қаласының келбетіне бей-жай қарамайтын жұртшылық игілікті іске жұмыла кіріскен. Алғашқы сенбілікте әр мекеме, кәсіпорын қызметкерлері өздеріне бекітілген аумақты қыстан шыққан қоқыстан тазартты. Игі шарадан төтенше жағдайлар департаментінің мамандары да шет қалмаған.

 Бірлік Баекин, СҚО ТЖД жедел кезекшінің көмекшісі:
-Төтенше жағдайлар департаменті бір ұжым болып қаланы тазартуға шықтық. Департамент маңын қоқыстан тазалап, көрік, сән беріп жатырмыз. Сенбіліктер өте қажет. Келген қонақтар таза, әдемі қаланы көрулері қажет.

Аурухана мен мектеп ұжымдары әр істе белсенділік танытады. Сенбілікке де олар барынша атсалысты. Бұл күні №20 мектептің мұғалімдері мен оқушылары мектеп аумағын тазалап алу үшін аянбай тер төкті. Сенбілікке бір адамдай жұмылған кейінгі буын мұндай шарадан сырт қалуға болмайды туған қаланы көркейтуге әр азаматтың үлес қосқаны жөн дейді.

Рустам Серікбаев,№ 20 орта мектеп оқушысы:
-Мектептің алдын қыстан шыққан қоқыстан тазарту үшін бәріміз жинап жатырмыз. Бүкіл қала тұрғындары осылай жинағанымызды көріп өздерінің үйлерінің маңын жинаса дейміз. Қаланы тазалықта ұстау керек. Әсем қалалардың бірі болу үшін атсалысып жатырмыз.

Бұл күні үйлерінің аулаларын тазартуға тұрғындар да асықты. Жамбыл көшесі, 1 А мекенжайы бойынша орналасқан үйдің тұрғындары көктем шығысымен міндетті түрде ауланы жинастырады. Бұл жылдағы әдет. Зейнеткер Нина Гридасова бастап шыққан көпшілік таңертең ертемен қызу жұмысқа кіріскен.
 

Нина Гридасова, зейнеткер:
-Ауламыз таза, әдемі болу үшін жинап жатырмыз.
Бұл өзімізге қажет қой. Осы жерде балаларымыз, немерелеріміз ойнайды. Жылда қоқысты шағарып, тазалаймыз. Бір рет емес, жаз бойы жинау керек. Бір өкініштісі, жастар немқұрайды қарайды. Орта жастағылар, зейнеткерлер ғана шығады.

Жалпы сенбілікке 1210 мекеме мен кәсіпорын ұжымы қатысқан. Облыс орталығының көшелерін абаттандыруға 39 000 астам тұрғын жұмылды. Қайырымдылық сенбілігінде арнайы шотқа он млн. теңгеден артық қаржы түскен. Қаражат соғыс ардагерлеріне көмек көрсетуге жұмсалады.

Айымгүл Әбілева