Спорт

«Қызылжардың» өз алаңындағы алғашқы ойыны жеңіспен аяқталды

 

 

 

Жаңа маусымды ашқан алғашқы ойын сылбыр басталып, ала доп негізінен орталық алаңнан шықпай қойды. Нысана көзделген алғашқы шабуылды қонақтар жасады. Осыдан кейін кездесуге жан біткендей солтүстікқазақстандық футболшылар допты иіріп әкетіп жойқын қарымта шабуылдарға көшті.
Алайда бұл нәтижесіз қарқындары су сепкендей басылып, ойын тағы бәсеңдеді. Өстіп бірін-бірін ала алмаған қос қарсылас үзіліске тең нәтижемен тарасты.   Жаңа маусымды тағатсыздана күткен жанкүйерлердің үміттерін алғашқы ойын ақтай қоймады.

Жанкүйерлер:

-Күштері жетпей ме жігіттердің, кішкене жүгіріп ойнау керек қой. Сенімім жоқ бұрынғы 1999, 2000, 2001 жылғы командаға жетпейді. Сол ойындар керек, бәріміз соларды сағынып отырмыз.
– Футболды ұнатамын. Әрдайым келіп тамашалаймын. Футболшылардан тек жеңіс күтеміз. Өткен жылғы қателіктерін жасамаса болғаны.
-Үмітсіз – шайтан деген, әрқашан да үмітіміз зор болады , әрине. Петропавл о күннен футболды сүйетін, халық не болса да келеді. Сондықтан жақсы ойын көрсетуін күтеміз.  

Келесі бөлімнің орта тұсына дейінгі уақыт та ойын арнасын кері бұра алмады. Қақпаның кілтін іздеген қос қарсылас допты  әрлі-берлі теуіп, өздері де жиналған қауым да жалықты. Стадиондағы аяқ доп сүйерлері асыға күткен алтын гол ойынның соңында бір-ақ соғылды. Екібастұз футбол клубының қақпасына маусымдағы алғашқы допты айып соққысын іліп әкеткен Роман Селеверстов салды.
Осылайша жергілікті құрама алғашқы үш ұпайды қоржынға басты.

  Роман Селеверстов, “Қызылжар” ФК ойыншысы:
– Жаңа маусымға жүктелген тапсырма үздік 5-ке ену. Бұл мақсатты орындауда біздің құраманың мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Жанкүйерлердің үмітін ақтайтын маусым болатынына сенімдімін. Жаңа тәжірибелі ойыншылар шақыртылды. Дайындығымыз да жоғары деңгейде өтті. Бүгінгі ойынға келетін болсақ, жеңіс ауыр келді. Енді бізге қалғаны жеңісімізді еселеп кубоққа жету.  

Кубок жолындағы 1/16 ақтық кездесуін “Қызылжар” футбол клубы Алматының “Іле сәулет” құрамасымен сырт алаңда өткізетін болады. Ал сәуірдің 24-і жалауы көтерілетін ел чемпионатының 1-ші лига ойындарында өз алаңында Семейдің “Спартак” ФК қабылдайды.

 Жеңіс Ермұқанов