Қайғылы оқиға орын алған үйде екі баласы бар әйел тұрған. Еш алаңсыз кешке қарай пәтеріне оралғанда ол азаматтық некедегі күйеуі мен жеті жасар сіңлісінің қанға боялған жансыз денелерін көреді. Бірден полицияға хабар берген. Қылмысты ашуға облыстық ІІД-нің жедел тергеу тобы мен аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы толықтай жұмылдырылды.
Анатолий Дермановский, СҚО ІІД бастығының бірінші орынбасары:
– Бірден барлық ауыл тұрғындарын тексере бастадық. Осы көшедегі үйлердін біріне кіргенде спирттік ішімдіктін иісі бұрқырап тұрды. Тұрғындардың біреуі кәмелеттік жасқа толмаған, ал екіншісі мас күйінде. Оның сыртқы киімінде көптеген қан іздері болды.
Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 20 жасар күдікті ұсталды. Ол қас қарая жәбірленушінің үйіне барған. Олардың арасында жанжал шығып, сезікті қолына түскен темірмен жәбірленушінің басынан бірнеше соққы жасаған. 7 жасар қыз бұл жантүршігерлік оқиғаның куәгері болды.
Күдікті:
– Мен үстелде жатқан пышақты алып, қыздың артынан жүгіре шықтым. Оны кіре берісте ұстап алып, бауыздап жібердім. Үйде болған тағы бір балаға да пышақ салдым. Сәкіде жатқан ер адамның басынан темірмен тағы да бір рет ұрып, кетіп қалдым.
Ұсталған жігіттің бұрын сотталмағандығы анықталды.Тек спирттік ішімдік ішкені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.Ол өз кінәсін мойындаса да, бүтіндей бір жанұяның өмірін қиятындай қылмыс жасауға не итермелегенін түсіндіре алмады. Ауыр жарақат алған 3 жасар бүлдіршін аудандық ауруханаға жеткізілді. Ал 5 айлық нәресте оқиға болған сәтте ұйықтап жатса керек, аман қалған.Тергеу амалдарын жүргізу барысында полицейлер қылмыс қаруларын тәркіледі. Сезікті қамауға алынып, бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Инеш Шоқақова