200-ге тарта қала мектептерінің оқушылары өз мүмкіндіктерін спорт ханшайымы саналатын жеңіл атлетикадан сынап көрді. № 6 қазақ орта мектебінің оқушысы Амира Исатаева түрлі шығармашылық үйірмелерге қатысып, сан-алуан байқауларда білімін сынап жүр. Оқудың үздігі енді міне өзін жаңа қырынан танытып отыр. Ұзындыққа секіру, түрлі спринтерлік қашықтықтарға жүгіру, ядро лақтырудан да қатарластарының алдын кесе алатынын дәлелдеді.
Амира Исатаева, №6 қазақ орта мектебінің оқушысы:
– Жалпы спорт мені қатты қызықтырады. Бірақ мектеп бағдарламасы өте күрделі болғандықтан бар уақытымды оқуға жұмсаймын. Осындай жарыстар жиі ұйымдастырылса қатысып тұрар едім. Бүгін маған бәрі ұнады. Енді спортпен айналысуға уақыт табуға тырысатын боламын.
Жарыс адамның ғарышты бағындыруы басталғанына 50 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Александр Мицих, жеңіл атлетикадан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
– Елбасы соңғы жолдауында қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды жүктеген болатын. Осы мақсатта біз ешбір спорттық үйірмеге қатысып көрмеген оқушыларды денсаулықтарын шыңдауды үйреншікті әдетке айналдырсын деп шақырып отырмыз.
Үздік көрсеткіштерімен танылған сайыскерлерді бапкерлер әуестіктерін кәсіпқой деңгейге жеткізуге көмектесеміз деп спорт мектебіне шақырды. Көзге көрініп, суырылып алға шыққандардың қатарында қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Әмір Мағау да бар.
Әмір Мағау, қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:
– Мен 1-ші рет жеңіл атлетикаға қатысып жатырмын. Ол мені өте қызықтырды. Мені шақырды. Енді жеңіл атлетикаға баратын боламын. Себебі денсаулығыма қажет.
Елена Парфенова 2000-2008 жылдардағы олимпиада ойындарына қатысушы. Жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері бүгін өз ізбасарларын іріктеп жатыр.
Елена Парфенова, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
-Бүгінгі кейбір нәтижелер мені тіпті таң қалдырды. Жақсы дайындықтың өзінде алғашқы сында көп спортшылар бұндай жетістіктер көрсете алмайды. Спорттан алшақ екендерін ескерсек, мүлдем жаман емес. Мүмкін бұл өрендердің арасында болашақ олимпиада чемпионы жүрген болар.
Әр қатысушы жеңімпаз деп танылып, тәтті базарлықтар таратылды. Себебі олар спорт әлеміне алғаш қадам басты. Болашақта жеткіншектер бастамаларын аяқсыз тастамай, әуестікке айналдырса игі.
Жеңіс Ермұқанов