МТРА жаңалықтары

Футбол маусымы ашылды.

 Футболдан бірінші лига ойыншыларының арасындағы ҚР кубогы аясында жергілікті “Қызылжар” клубы Жетіқара қаласының “Асбест” құрамасын қабылдады. Биылғы маусымдағы жасыл алаңдағы алғашқы тартысты жанкүйерлермен бірге облыс әкімі Серік Біләлов тамашалады. 

 

 

“Қызылжар” командасының өткен футбол маусымында   жоғарғы лигадан  ұшып кеткендігі жанкүйерлердің бетін қайтармапты. Бірінші лигадағы ойын болғанымен, жасыл алаңдағы тартысты сағынған жанкүйерлер алғашқы матчқа көптеп жиналды. Олар жергілікті клубтың кездесулерінен  әдемі жеңістер күтеді.  Осыны сезінген алаң иелері төреші ысқырығы естіле сала  қонақтарды тығырыққа тіреп, қос қапталдан шабуылға басты. Кілең солтүстікқазақстандық футбол мектебінің түлектері қарсылас қақпашының қырағылығын үздіксіз тексерумен болды. Бұл торуылдау тайм ортасында нәтиже берді: команда капитаны Роман Селеверстов сәтті пасты іліп әкетіп, есеп ашты.  Жойқын шабуылдардан тынбай қорғанса да, “Асбест” жігіттері көп ұзамай тағы сыр беріп, Станислав Шуляк есепті еселеді. Өз ойын әдісін тапқан петропавлдықтардың осы екпіні екінші таймға дейін басылмады. Үзілістен кейін  жетіқаралықтар есепті теңестіруге талпынған еді. Бұл қарқындары көпке бармай, орта жолдан қаңтарылды. Кездесудің нүктесін ойын соңында Эльдар Аитов қойды. Алғашқы ойында үш ұпайды қанжығаға салған қызылжарлықтар премьер лигадағы аяқ доп шеберлерімен кубокқа таласуға бір табан жақындай түсті. Ол үшін жергілікті футболшылар 24-ші сәуірде сыртта Қарағандының «Гефес» ойыншыларынан басым түсуі керек.

Юрий Чухлеба, “Қызылжар” ФК бас бапкері:
Ойын жақсы деңгейде өтті. Бастама жаман емес. Десе де көптеген қателіктерге бой алдырдық. Бұл кемшіліктерді жоятын боламыз. Команданың абыройын көтеру үшін барымызды жасаймыз. Жергілікті жас ойыншылардың ысылуына ҚР кубогының маңызы зор. Чемпионатқа дейін финалдық кездесуге жолдама алуымыз керек.

А
л ҚР чемпионаты аясында бірінші лига ойындарының маусымашар турында “Қызылжар” ойыншылары өз алаңында Алматы облысының “Іле-Сәулет” ФК қабылдайтын болады.