Денсаулық сақтау

Нефрология бөлімшесіне – 30 жыл

 

 

 

Бүгінде нефрология мен гемодиализ бөлімшесі 25 орынға шақталған, заманауи құрылғылармен жабдықталған, 4 дәрігер мен 9 медбике қызмет ететін талапқа сай емдеу орны. Осыдан 30 жыл бұрын мұнда 10 адамға орын ашылып, не бары 2 науқас емделген екен. Атауы да қазіргідей емес, жасанды бүйрек бөлімшесі деп аталған болатын. Ашылғанан бері еңбек етіп келе жатқан екі дәрігердің бірі Лидия Богданчикова бөлімшесінің бүгінгі жағдайын   мақтанышпен айтады.

Лидия Богданчикова, нефрология және созылмалы гемодиализ бөлімшесінің нефролог дәрігері:
-Нефрология мен гемодиализ бөлімшелері бөлек болатын, 1992 жылы оларды біріктірді. Бұрын 2 науқас қана болса, қазір мұнда 16 адам жатыр. Оның себебі жаңа аппараттардың көмегімен ауруды дер кезінде анықтап, жасанды бүйрекпен өмірлерін ұзартуға болады. Егер бұл органды ауыстыру мүмкіндігі болса, құлан таза емдеп шығаруға да болады.  

Германиялық жаңа құрылғылар бөлімшені заманауи жабдықталған деп атауға негіз болады. Қазір олардың саны – 9, соңғы екеуі былтыр әкелінген. Әрбіреуінің құны 20 млн теңгеге жуық. Ал құрылғылар тек таза суды қабылдайтындықтан мұнда арнайы су тазарту жүйесі орнатылған. Ол да әр 5 жылда жаңартылып тұрады. Бүйректің созылмалы дертімен  тіркеуге  алынған 16 науқас мұнда аптасына 3 рет келіп ем алады. Осында 1 жыл үздіксіз емделіп жүрген Гүлшарат Рахимова  аппараттардың шарапатын көріп үлгеріпті.

Гүлшарат Рахимова,  науқас:
-Бізге жақсы қарайды, көп көмек беріп жатыр.
Емделіп шығамын деп ойлаймын. 88-де есепке  тұрғам, 1 жыл бойы осы аппаратпен емделіп жатырмын.

Өзі тапжылмастастан 20 жыл еңбек етіп келе жатқан облыстық аурухананың, онымен қоса елдегі денсаулық сақтау саласының жетістіктерін бөлімше меңгерушісі Лилия Гмызина да мақтана айтты.

Лилия Гмызина, нефрология және созылмалы гемодиализ бөлімшесінің меңгерушісі:
-Мен мұнда алғаш келгенде 70 жылдары жасалған 2 “жасанды бүйрек” құрылғысы болды. Олармен емдеу өте қиын болатын, науқастар ауыр көтеретін. Кейін бірте-бірте олар жаңартыла бастады. 2005 жылы 2 итальяндық, 2007 жылы тағы 2 неміс құрылғысын алдық. Денсаулық сақтау саласының дамығандығын біздің ауруханадан анық байқауға болады.  

Жыл өткен сайын бүйрек ауруына шалдыққан науқастар саны артып келеді. Қазір бөлімше емделушілерге лық толы. Бірақ адам жанының сақшылары осы қарқындарынан таймай, әр науқастың өміріне араша түсуге дайын.

 Кәусар Аяпбергенқызы