ІІБ 1-ші бөліміне қала тұрғынынан автомагнитоласының қолды болғандығы жайлы арыз түскен. Полицейлер бірден күдікті екі жігітті бақылауға алады. Тексеру барысында 21 жасар қала тұрғынының пәтерінен монитор, автомагнитола және колонкалар табылған. Күдікті жалғыз емес, сыбацласы да болған екен.
Сағындық Жантеміров, Петропавл қалалық ІІБ тергеушісі:
-Күдіктілердің заттарды автокөлік терезесін бұзу арқылы ұрлағандығы анықталды. Қазіргі кезде олар уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Заң бұзушылар ұрлаған заттарын қаладағы таксистерге сатып пайда тапқан. Күдіктілердің біреуі үстіміздегі жылдың қаңтар айында ғана темір тордың ар жағынан босап шығыпты. Шина жинақтау стансасына орналасқанымен, қайта қылмыстық жолға түскен. Аз уақыт ішінде күдіктілер бірнеше көлік иесін сан соқтырып кетіпті. Енді айыпталушылар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта ұрланған заттар тәркіленіп, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Инеш Шоқақова