Билік

Тәртіптік кеңес кезекті отырысын өткізді

 

 

 

Күн тәртібіне шығарылған бірінші тәртіптік іс бойынша жауапты Чермошнян ауылдық округінің әкімі денсаулығына байланысты кеңес жұмысына қатыса алмады. Дегенмен кеңес мүшелері Тайынша аудандық прокуратурасының материалдарын негізге алды. Мәселе мынада, ауыл маңында теміржол жанынан еш рұқсатсыз экскаватормен жер қазып жатқандарға ашынған округ әкімі аудандық ішкі істер бөліміне арыз түсірген. Бірақ көп кешікпей тағы бір арыз жазып, райынан қайтқанын, құжатсыз жер қазғандарға өкпесінің жоқтығын жеткізген. Осылайша әкімнің басы дауға қалды. Өйткені ауыл әкімі бұл әрекеті арқылы табиғат қорғау заңының бұзылуына жол берген. Қайта арыз жазып, жер қазушыларды қорғаштағандай да болған. Кеңес мүшелері бұдан асқан заң бұзушылық жоқ деп тапты да,  Тайынша ауданы Чермошнян селолық округінің әкімі Валиевті қызметінен босату туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Ал көлік прокурорлары Петропавл станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызметкерлерін теміржолды кесіп өтушілерге қатысты тиісті шара қолданбай отырғандары үшін жазалауды ұсынды. Қауіпке қарамастан вокзал жанында теміржолды кесіп өтушілер азаяр емес. Өткен жылы Оңтүстік  Орал теміржол бөлімшесінің Петропавл станциясындағы арнайы күзет қызметі 2 мыңнан аса адамды желілік бөлімге жеткізген. Бірақ көлік прокурорларының мәліметі бойынша 69-ы ғана әкімшілік жазаға тартылған. Бір айта кетерлік жайт  күзет қызметі теміржолды кесті деп әкелген тұлғалардың кінәларын дәлелдеу қиын. Заңның солқылдақ тұстары басым.

  Ержан Мизамбаев, Петропавл станциясындағы желілік ішкі істер бөлімінің бастығы:

-Егер бір факті дәлелденбесе әкімшілік іс тоқтатылады. Және 12- бап бойынша кінәсіздік презумпциясы бар.

  Жақсыбек Айымбетов, Солтүстік Қазақстан көлік прокурорының орынбасары:

-Бұл ретте желілік ішкі істер бөлімінің басшысы өз қызметкерлерін қорғаштауға кірісті. Дұрысы, қызметкерлер әр факті бойынша хаттама толтырып, өздерінің тікелей басшыларына тапсырулары керек еді.

Жалпы көлік прокуратурасының тексерістері   бойынша желілік ішкі істер қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылғандықтан кеңес мүшелері ескерту жасаумен шектелді.

Әсем Рахметова