Әр түрлі

Көктемгі әскерге шақыру науқаны

 

 1890 жылы салынған сәулет ескерткіші, ал бүгінгі күні әскери комиссариат ғимараты 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарға толы. Әскерге жарамды деген анықтама алу үшін олар 8 дәрігердің алдынан өтулері тиіс. Хирург, терапевт, жүйке жүйесін тексеруші мамандардың жіті бақылауынан өткен соң ғана жігіттер көздеген жолдамаларын ала алады. Өкінішке қарай, мұнда келушілердің жартысы ғана медициналық тексерістен өте алатын көрінеді.

 Майра Елеукина, терапевт-дәрігер:
– Азаматтардың 40-50-ін қараймыз, соның ішінде  50 проценті ғана әскерге жарамды болып табылады.   Жүйке тамырларының, қан қысымы, жүрек, бас аурулары, сондай-ақ асқазан, бүйрек аурулары көптеп кездеседі.

19 жасар Жомарт Есенғалиев көптен бергі мақсатына жетті. Ол әскерге жарамды деп танылған аздың қатарында. Бұл Жомарттың болашақ мамандығына жасаған алғашқы қадамы болмақ.

 Жомарт Есенғалиев, әскерге шақырылушы:
Мен өз еркіммен келдім. Әскерге бару әр азаматтың міндеті. Отаныма қызмет етіп, кейін әскери жолмен жүргім келеді болашақта.

Қорғаныс министрлігінің тапсырмасы бойынша биылғы көктемде сарбаз қатарын толтырады деп көзделген 700 азаматтың 20 %-ы жоғары, 10%-ы орта білімді болуы тиіс. Өйткені маман иесі қашан да үлкен сұранысқа ие. Мәселен, бүгінгі таңда ішкі әскерге программист, жүргізуші, заңгерлер жетіспесе, Төтенше жағдайлар министрлігіне трактор жүргізушісі, құтқарушы, экскаваторшы мамандар қажет. Ал былтырғы жылдан Петропавл әскери-техникалық мектебі негізінде Қарулы күштерге сарбаздар даярлау қолға алынған.

 Дулат Ғабдуллин, Петропавл қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы:
– Әскерге шақыру комиссиясы 11 сынып бітірген балаларды, оқуға түсем дегендерді әскери оқу орнына түсіруге дайындап жатырмыз. Олар Қазақстан бойынша, жақын маңдағы елдерде. Осы жерде олардың құжаттарын дайындап жатырмыз.  

Әскери комиссариат мамандарының сөзіне сенсек, өз еркімен әскерге баруға ниет танытқандар бұрынғыдан едәуір көбейген. Тек жастардың денсаулықтарының нашарлығы өкініш тудырады.

Кәусар Аяпбергенқызы