Спорт

Акробаттардың жетістіктері

 

 

 

 

Кешегіге көз жүгіртіп, өткенді әңгіме еткен спорттық акробатикаға мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры Ринат Белогонов көрші облыстардағы жарыстарға жете алмаған күндерін де еске алады. Қаржы тапшылығының кесірінен талай айлық жаттығулар жайына қалатын. Қаншама чемпионаттарға жол түспеді.

  Ринат Белогонов, спорттық акробатикаға мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

-Балалар даярланып отырып, жолға шыға алмайтын кездер көп болатын. Бүгінде балаларымыз ел ішіндегі додаларға қатысып, әлем чемпионаттарына, халықаралық жарыстарғабарып, Азия ойындарында ел намысын қорғап жүр.

Қазір спортшылар саннан  сапаға көшті. Жерлестеріміз халықаралық және ел деңгейіндегі чемпионаттарды бос жіберген емес. Ол жарыстар спортшылардың шыңдалуына жол салады. Бүгінде бастысы қатысу емес, жеңу міндетке айналған.

  Ринат Белогонов, спорттық акробатикаға мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

-2006 жылы Петр Гмызун мен Константин Аверин Португалияда өткен әлем чемпионатында 3-ші орынды алды. Алдымызға тек Англия мен Ресей спортшылары шықты.

Қазақстан  спортшылары әлемге таныла бастады. Көштің соңындағы спортшыларымыз талай жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Өткен жылы қарашада осы мектептің тәрбиеленушілері Александр Захаров пен Владислав Аксионов Қазақстан құрамасы сапында Францияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында өнер көрсетті. Ринат Белогонов осы чемионатта қазақстандықтар үшін қосымша ту әзірленбегенін де еске алады. Ұйымдастырушыларда қазақстандықтар бірнеше медальді әкетеді деген ой да болмаса керек.
  Ринат Белогонов, спорттық акробатикаға мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:

– Бірінші-үшінші орындарды қазақстандықтар алды. Бұл жарысқа 55 елдің спортшылары келді. Марапаттау кезінде біршама уақыт күтіп қалдық. Сөйтсек, ұйымдастырушылар Қазақстанның екінші туын іздеп жатыр екен. Шыны керек, бастапқы екі орынды біз алады деген ойларында болмаған сияқты. Қазақстандық 24 адам қолдарын кеуделеріне қойып, Әнұранымыз орындалған күнді ұмытпаймын.

Акробатика  – спорттық әсем түрлерінің бірі. Сымдай тартылып, серіппедей атылған ұл -қыздардың өнерін облыста өтетін үлкен шараларда көруге болады. Бүгінде мектепте 250-ден аса жеткіншек жаттығады. Барлығы тарықпай даярлануға мүмкіндік алған. Бұрынғы батуттардың бірі жоқ. Залда германиялық халықаралық стандарттарға сай батуттар қойылған, алдағы уақытта франциялық жаңа үлгілерін алу да жоспарда бар.

Әсем Рахметова