Білім

Білім саласында алдағы 10 жылға межеленген өзгерістер

 

СҚО бойынша 18 мыңнан астам балдырған мектепке дейінгі білім мен тәрбиені қатар алуда. 2011 жылы  бұл көрсеткіш тағы 3 602 орынға көбеймек. Сөйтіп облыстағы балабақшаға деген сұраныс 75 пайызға қанағаттандырылмақ. Нәтижелі жұмыс “Балапан” бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Десек те, билік басындағыларды құрылысы қызу қарқын алған білім кешендерінің саны емес, онда берілетін білім сапасы көбірек толғандыруда.

  Шолпан Каринова, білім басқармасы бастығының орынбасары:
– Білімнің барлық саласында жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Ең 1-ден, білім саласын қаржыландырудың жаңа моделін енгізу. 2-ден, мұғалім мамандығының беделін арттыру, 3-ден, “Балапан” бағдарламасы аясында мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды әрі қарай дамыту. 12 жылдық білім беруге көшу, электрондық оқыту жүйесін енгізу.

Жоба екі кезең бойынша орындалады деп күтілуде. Алғашқы 4 жылда аталған жұмыстарға негізгі модельдер құрастырылады.  Ал 2016 жылдан бастап ол тәжірибеде жүзеге аспақ. Бүгінгі күні педагог кадрларын даярлау ісі де өзекті мәселеге айналып отыр. Жиынға қатысқан мамандар оқытушыларға деген талапты күшейту керек дейді. Сонда мұғалімдердің кәсіби деңгейі де артпақ. ҚР-ның білімді дамытуға бағытталған 2011-2020 жылғы бағдарламасы да осы мақсатты діттейді. Атап айтсақ, педагогтар ЖОО түсу үшін шығармашылық байқаудан өтуі керек. Екіншіден, жұмысқа тұрмас бұрын кәсіби дайындығын растайтын тест тапсырады. Ал кәсіптік мектептерде магистратураны бітіргендер ғана істей алатын болады.

  Татьяна Гапчич, СҚО білім басқармасының әкімшілік-кадрлық жұмыс бөлімінің бастығы:
– Білімді дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жаңашыл идеяларға толы. Әсіресе математика саласы баса назарға алынған. 2011 жылдан бастап 4 – 9 сынып оқушыларының осы ғылым бойынша білім деңгейлері тексерілмек. Алдағы уақытта оқытушылар тәуелсіз тест тапсырады.

Дегенмен, облыстық білім басқармасы өңір оқытушылардың біліктілігіне күмән келтірмейді. Себебі олар бәсекеге қабілетті екендіктерін талай рет дәлелдеді.

Гүлден Сәрсенбаева