Ауа райы

Лариса Орловскаяның мерейтойы

 

 Қала әкімдігінің мәжіліс залына жиналған топтың бейресми кездесуіне себеп  – Лариса Орловскаяның туған күні. Оны білікті маман, жақсы жолдас  ретінде танитын достары мерейтой иесін бұл күні құттықтау мен ақ тілектің астында қалдырды.

  Нұржан Әшімбетов, Петропавл қаласының әкімі:
Құрметті Лариса Гавриловна, сіздің қажырлы еңбегіңіз кейінгі ұрпаққа тамаша үлгі бола алады. Денсаулығыңыз мықты болып, сүйікті ісіңізден алыстамай алға баса беріңіз.

Бүгінге дейін өнімді қызметпен жалғасып келе жатқан еңбек жолын Лариса Орловская сонау 1969 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде бастапты. Кейіннен ол Солтүстік Қазақстан және  Павлодар облыстарының әлеуметтік, саяси және ақпараттық өміріне қызу араласып кетеді. Телевидение мен радиода редактор,  атқарушы органдарда басшылық  қызметтер атқарды. Жеңіл әзіл-қалжыңмен өткен жиын барысында жиналғандар туған күн иесінің адамгершілігін, елгезектігін сөз етті, әрдайым үйренуден жалықпайтын қасиетін де ұмытпады.

 Сара Тасеменова, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:
– Ол кісімен мен совет кезінен таныспын. Ол қалалық атқару комитеті төрағасының, мен аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болдым. Екеуміз әрқашан бір-бірімізді жақсы түсінетінбіз. Кісіні түсінетіндігі, сөз табатыны, көмектесуге тырысатыны оның ерекше қасиеттері.

Мұндай күні еңбегіне берген оң баға мен жылы лебіздерден артық сый болмас. Құттықтай келгендердің ниеттеріне ризашылығын ол толқыныспен жеткізді.

  Лариса Орловская, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз орталығының жетекшісі:
-Бәріңіздің ыстық ықыластарыңызға көп рақмет. Мен сенімдеріңізден шығып, әлі де өнімді жұмысыммен қуантуға тырысамын. Өз өміріме ризамын, еш өкінбеймін.

Бүгінде қалам мен қағазды серік еткен БАҚ өкілі асыл ана және немерелерінің сүйікті әжесі. Дегенмен Лариса Гавриловнаның жұмысқа деген ынтасы мен сарқылмас күш-жігеріне  әріптестері тәнті.  

 Кәусар Аяпбергенқызы