Әр түрлі

Әскери білім беру мәселелеріне арналған конференция

 

 

Жыл сайынғы ғылыми-тәжірибелік конференцияны әскери институттың құрылған күні өткізу жақсы дәстүрге айналған. Қорғаныс күштерінің сапасын арттыруды көздеген жоғары оқу орнының бастамасын шетелдік әскерилер де қолдап отыр. Халықаралық дәрежеге ие болған отырысқа 130-дан астам баяндама әзірленіпті. Бас қосқан әскери ғалымдар мен офицерлер ортақ мәселелерді бірлесіп шешу жолында өз ойларымен бөлісті.

Қанатбай Әлиев, ҚР ІІМ ІӘ әскери институты бастығының орынбасары:
– Бұл конференцияға ҚР жоғары оқу орындарынан, мемлекеттік басқармалардан басқа, Ресейден, Украинадан, Белоруссиядан, Қырғызстаннан ғалымдар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып отыр. Конференцияда біз қызметтік-жауынгерлік әрекеттің теориясын және практикалық мәселелерін қарастырамыз. Оқу процесін алға бастыру  мәселелерін талқылаймыз.

Жиында ҰОС-да қолбасшылық қабілет пен ерлік көрсетіп  Кеңес Одағының батыры атанған Бауыржан Момышұлының ” Соғыс психологиясы” пәнін оқу үрдісіне енгізу жайы да талқыланды. Даңқты қолбасшының  Ұлы жеңіске жетелеген тиімді жауынгерлік тәсілдері бүгін де маңыздылығын жоймаған. Жиынға қатысушылар бұл қосымша сабақтың жас сарбаздар мен болашақ офицерлерге берері мол екендігін айтады.

 Талант Молдабаев, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының аға оқытушысы:
–  Ол кісі кезінде Бас штабтың академиясында сабақ берді. Әскери жағынан өте жоғары білімді. Егер де біз «Бауыржантануды»  осында еңгізсек, ол өте жақсы болады. Курсанттар бәрі патриот  боп өседі. Бауыржан атамыздың соғыс психологиясын оқып, біздің офицерлердің болашағы өте зор болады.

Сондай-ақ конференцияда сапалы әскери маман даярлаудың мәселелері де сөз болды. 14 жасаған  әскери институт тәуелсіздікпен бірге дамып келеді. Жыл сайын материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жаңартылып тұрады. Бүгінге дейін жоғары оқу ордасының 7 кафедрасында 6 мамандық бойынша еліміздің ішкі әскеріне 2 мыңға жуық офицер даярланыпты.

 Мұхаметқали Сатов,  ҚР ІІМ ІӘ Комитеті басқармасының бастығы:
– Петропавл әскери институтында даярланатын офицерлер жаман емес, жақсы, олар тәртіпті,Отанын сүйеді, өз міндеттерін жақсы орындайды. 14 жылда бізде ішкі әскерде 96 пайыз офицерлер бар.  Осы жерде дайындалған офицерлеріміз қазір ІӘ-де үлкен дәрежеге жетті.  

Соңғы екі жылдан бері институт сондай-ақ Төтенше жағдайлар министірлігі мен Қырғызстан жәнеТәжікстан елдеріне де әскери кадрларды оқытып жатыр екен.

Жеңіс Ермұқанов