Әр түрлі

Шаштараздар байқауы

 

Ксения Отрохова мұндай жарысқа алғаш рет қатысып отыр. Жас шебер қазылар алқасына “Алтын күз” атты шаш үлгісін ұсынбақшы. “Болашақта шаш әрлендіру ісінің шебері болғым келеді”,- дейді Ксения

  Ксения Отрохова,  сайысқа қатысушы:
-Сұлулықты ұнатқандықтан осы мамандықты таңдадым. Жарыста жақсы көрсеткішке қол жеткізуге тырысамын.

Денис Лебедев үшін бастысы жеңіс емес, өзгелермен бәсекелесіп, өзінің мүмкіндігін сынау. Өз қиялына сүйеніп жұмыс істеуді үйренген Денис қазылар алқасына көрсететін арнайы шаш үлгісін таңдамапты.

  Денис Лебедев, сайысқа қатысушы:
– Бұл салада өз бағымды сынау үшін келдім. Ұнағаннан кейін әрі қарай жалғастыруды жөн деп санадым.

Байқауға 15-19 жас аралығындағы 27 жасөспірім қатысты. Кейбіреулері облысымыздың кәсіптік  мектептерінен тәлім алса, енді біреулері арнайы үйірмелерде білім нәрін сусындауда.

 Наталья Кудинова, “СҚО белсенді жастары” жастар ұйымының менеджері:
– Бұл жарысты шаш үлгісін жасаушылар арасындағы бәсекелестікті арттыру үшін ұйымдастырып отырмыз. Шеберлеріміздің дарынын бағалау, оны әрі қарай жетілдіру де жаспарда бар.

Сайыскерлер 2 сағаттың ішінде шаш үлгісін дайындауға тиіс. Әрбірі шеберліктерін көрсету үшін бар күшін салуда. Өнерлі жастардың туындыларын бағалап жүрген қазылар  – кәсіптік мектептердің оқытушылары. Олардың қатысушыларға қойған өзіндік талаптары бар.

  Галина Байдала, «Мастер Центр» оқу-өндірістік орталығының оқытушысы:
– Біз шаштың ұзындығына, оның үлгісін жасау қиындығына, шеберлігіне қарап бағалаймыз.
Сондай-ақ қазылар алқасы сайыскердің өз жұмысында пайдаланған элементтерді сұрауға құқылы.

Байқау соңында кәсіби шеберлердің ішінде Юля Стрельникова топ жарса, жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған интернаттың шәкірттері арасынан Мария Макаренко үздік атанды. Жарыс соңында бағын сынаған жастардың барлығы демеушілер дайындаған сыйлықтарына ие болды.

Айдана Демесінова