Білім

Облыстық пән олимпиадалары аяқталды

 

 

 

 Биыл қала мен 14 ауданнан жиналған білім үздіктері 40 – бірінші, 45 – екінші және 43 – үшінші орынды жеңіп алды. Қала мектептерінен көшбастаушылар «Бэст» гимназиясы, қазақ-түрік лицейі, 1 қалалық жалпы білім беретін лицей болса, өңір бойынша Тайынша, Қызылжар, Тимирязев пен Есіл  аудандары  жақсы көрсеткіштермен танылды.

  Темірғали Әбілмәжінов, облыстық білім басқармасының бастығы:
– Балаларға сондай көңілім толып, қуанып тұрмын.
Елбасымыз білімге көп көңіл бөледі. Құттықтаймын.

Марапаттау рәсімінде ең алғаш болып сахнаға көтерілген Мәдина Темірғалиева қазақ тілінен білімінің тереңдігін дәлелдеп, үздік атанды. Басқа балалар сияқты ол да нәтижесін жаңа естіп, 1 жылғы дайындығым зая кетпеді дейді.

 Мәдина Темірғалиева,  «Парасат» мектеп-лицейінің оқушысы, Қызылжар ауданы:
-Білім инемен құдық қазғандай деген дұрыс екен. Дайындық оңай болды деуге болмайды. Бірақ арты дәмді болды. Себебі тапсырмалар маған оңай болды.

Қалалық мектеп үздіктері арасында жылдағыдай қызу бәсекелестік туғаны анық. Қазақ-түрік лицейі биыл 24 жүлделі орынды жеңіп алып, «БЭСТ» гимназиясынан кейінгі екінші орынға тұрақтады. Дегенмен былтырғы нәтижеден бұл көрсеткіш сәл төмен екен.

 Жадыра Жұмағалиева, қазақ-түрік лицейінің тарих пәні мұғалімі:
– Біздің меттепте облыстық пән олимпиадаларына дайындық жыл бойы жүргізіледі. Шамамен 60 оқушы қатысты. Барлық пәндерден оқушылар мұғалімдерінің үміттерін ақтады деп ойлаймын.

2-3 орындарды иеленген оқушылар енді тоқ көңілмен 3 оқу тоқсанын жақсы аяқтаудың қамына кіріседі. Ал үздіктерді сәуірдің 15- 19 аралығында Қостанай қаласында өтетін республикалық білім сайысы алдындағы қызу дайындық күтіп тұр. Білім басқармасының мамандары бұл балаларға көп үміт артады. Өйткені былтыр ел деңгейіндегі олимпиададан біздің облысымызға 1 бірінші, 1 екінші және жалғыз үшінші орын бұйырыпты.
 

 Кәусар Аяпбергенқызы