Мәдениет

Мектептегі Наурыз тойы



 

Ата-бабамыз көктем мейрамы – Әз Наурызды ақ түйенің қарны жарылған күн дейді. Қазақ жұрты үшін жыл басы саналатын ұлыстың ұлы күнін №7 орта мектеп оқушылары үлкен қуанышпен атап өтті.

  Нұргүл Қабденова,  № 7 орта мектеп директорының мемлекеттік тілді дамыту бойынша орынбасары:
– Біздің мектепте осындай шаралар көптеп өткізіледі. Мақсатымыз – бүлдіршіндерді қазақ салт-дәстүріне үйрету. Тұрмысы жайында айту. Бүлдіршіндер белсенді атсалысуда. Ата-аналар да қатысады.

Жылдағы дәстүрге сай мұнда ақ дастарқан жайылып, үстел үсті ұлттық тағамдарға толды. Сары уыз, бауырсақ, құймақ сынды қадірлі астан ауыз тию құрметі ата-аналарға бұйырды. Солардың бірі  – «Алтын алқа» иесі   Рауза Саттарова. 8 бала мен 8 немерені тәрбиелеп отырған ақ жаулықты ана бүгінгі кешке жан жолдасы Хасан ағамен бірге келіпті. Олар осы білім ошағында немереміз  бен қызымыз тәлім алып жатыр дейді.

  Рауза Саттарова:
Осы Наурыз мерекесіне келіп отырмыз. Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын. Наурыз келсе қуанамыз. Бұрын ұмытылып кетіп еді. Дастарқан жаюлы. Қаншама дәстүрді айтып өттік.
  Хасан Саттаров:
Біз өте қуаныштымыз. Мына дастарқанға ас әзірлеп, би билеп, ән салды. Барлығы жақсы өтті.

Ал мерекеге ортақтасқан қонақтар 7 түрлі дәм салынған көжеден ішіп, думанды кешті тамашалады. Бастауыш сынып балдырғандары жаңажылдық концертке жақсылап дайындалыпты.

  Батырбек Мусин:
Маған Наурыз өте ұнайды. Мұнда көп дәстүр айтылды. Жаттап алдым.
  Диана Қапарова:
Біз осы мерекеге көп дайындалдық. “Қара жорға” биін билейміз.

 “Қара жорға” биін билеген Батырбек пен Диана  көрермендерінің жүрегін бірден жаулап алды. Мың бұралған қимылдарымен жұрттың делебесін қоздырды. Жастар үлкендерше бата беруді де үйреніп алыпты. Бұл шара әзірге бастауыш сынып оқушылары арасында өтуде. Енді мереке жоғары сыныптарда тойланады.

Гүлден Сәрсенбаева