Қылмыс

Екі әйелді 150 мың теңгеге сатпақшы болған



 

Жеңгетайлықпен айналысып жүрген жас жігіттер жайлы ақпарат Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына осы айдың басында келіп түскен. 18 жасар бойжеткен мен 35-тегі әйелді қаскөйлер 150 мың теңгеге бағалапты. Бойжеткендердің бағына қарай уәделескен жерге саудагерлердің орнына полицейлер жетті. Сауда жасалысымен, күдіктілердің қолына кісен салынды. Күдіктілердің біреуі тәртіп сақшыларынан қашып кетпекке әрекеттенген. Бірақ «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің қызметкерлері оны алысқа ұзатпай, қолға түсірді. 23 және 32 жастағы күдіктілердің бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылмағандығы анықталды.
Бұл жеңгетайлар жәбірленушілерді жалға алынған пәтерде ұстап, күш көрсету арқылы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

Жәбірленуші:

–  Бізді сыртымыздан құлыптап, қамауда ұстап отырды. Телефонға мүлдем жақындатпады. Әрдайым бақылап, ешкіммен хабарластырмады.  

  Ермек Тәттібаев, СҚО ІІД ҰҚҚБ бастығы:
– Аталған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 128бабына сәйкес  «адамды саудаға салу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, екі күдікті де бүгінгі күні қамауға алынды.

 Өткен жылы адам саудасымен айналысудың 6 фактісі анықталған. Ал биыл заңсыз қылмыстың бұл түрі бірінші рет тіркеліп отыр. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, жәбір көрушілер полицияның қорғауына алынды.

Инеш Шоқақова