Балалар

Ұлыстың ұлы күнін тойлау басталды

 

 

 

 

 
Тірек-қимыл жүйесі зақымданған мүгедек балаларды бейімдеу және сауықтыру тәжірибелік орталығы өңірімізде алғашқылардың бірі болып ұлыстың ұлы күнін тойлауды бастап кеті. 10 жыл бұрын ашылған мүгедек жеткіншектердің үйі Наурыз мейрамын үлкен отбасындай бірге қарсы алуды дәстүрге айналдырыпты.

 Зияда Тобылбаева,  аудармашы:
– Эксперементалды орталықтың ұжымы қазақ халқының дәстүрін сақтауға, достыққа, игілікке, қуанышқа тәрбие береді. Қазақтың өлеңдерін үйреніп, тақпақ айтады. Қазақ дәстүрін сақтайды. Неше түрлі ойын ойнайды. Қазақтың ұлттық ерекшеліктерін жақсы біледі.  

Мүмкіндіктері шектелген бұл балаларға орталықта бар жағдай жасалған. Қазір интернатта 20 жеткіншек дерттерінен сауығу мақсатында кәсіби көмек алып, жан-жақты күтім көруде. Қоғамнан шет қалмай, қатарластарымен бірге ілгері басулары үшін ұстаздары түрлі мерекелік шаралар ұйымдастыруда. Мұндағылардың ендігі бір мақсаты – балалардың шығармашылық дарындарын ашу. Өздері әзірлеген мерекелік бағдарламада әрбіріне сомдайтын рөлдер бөлініпті. Ешкім де көңілді кештен шет қалған жоқ.  Ерболат Әшімов күміс көмей әнші де, Алдар көсе де.

 Ерболат Әшімов:
– Интернатқа келгеніме 6 жыл болды. Осы 6 жыл бойы осы мерекені тойлаймыз. Ата-бабаларымыздың салт-дәстүрлерін ұмытпау керекпіз. Біз бәрін жақсы білеміз. 

Орталық тәрбиеленушілері күн мен түннің теңелуін, табиғаттың оянып, жаңа жылдың басталуын сахналады. Достық пен бейбітшілікке шақыратын    Наурыз мерекесіне  тән түрлі ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүрлерден көрініс қойылды. Бақытжан Нығмет өткен көктемде басқаның көмегінсіз қимылдай да алмайтын. Бүгін ол қатарластарымен бірге шаттанып, аяғын еркін басып жүр.

 Бақытжан Ниғмет:
 – Мерекені тойлап жатырмыз. Осы Наурыз маған өте ұнайды. Барлығын мерекемен құттықтаймын.  

Ұлының бұл қадамдарын тамашалауға арнайы келген әкесінің қуанышында шек жоқ.

  Бауыржан Егембаев:
– Менің балам мұнда 1-ші жыл. Біз ризамыз осындағы істеп жатқан барлық кісілерге. Осында келгелі баламның жағдайы өте жақсы болды, денсаулығы да түзелді. Мынадай тамаша концертке қатысып жатыр.  

Мерекелік бағдарламадан соң барлығы кең дастарқан аясына жайғасып Ұлыстың ұлы күнін тойлауды жалғастырды.

Жеңіс Ермұқанов