Спорт

Кикбоксшылар алты жүлде алып келді

 

Кикбоксингтен спорт шебері Айбек Төлебаев Қостанайда өткен байрақты додада облыс намысын кезекті рет абыроймен қорғап шықты. Жалпы соңғы 5 жылда республиканың мықты деген файтерлерін жиятын ел деңгейіндегі тартыстар оның қатысуынсыз өтпейді. Әр жарысы нәтижелі. Бұл жолы да шаршы алаңға 4 мәрте шыққан жерлесіміз бар қарсыласын айқын басымдылықпен тізе бүктіріпті.

  Айбек Төлебаев,  кикбоксингтен ҚР чемпионатының жеңімпазы:
– Мен ел біріншілігінің қатарынан үш дүркін чемпионы атандым. Өткен жетістіктерімді бұл жолы да қайталай алғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да 63 келі салмағындағы ҚР бірінші нөмірлі кикбоксшысының тізгінін ешкімге ұстатпауға тырысамын. Онымен тоқталмай халықаралық жарыстарда ерекшелену үшін тынымсыз жаттығатын боламын.  

67 келі салмақ дәрежесінде тағы бір солтүстікқазақстандық былғары қолғап шебері Батырхан Әшірбетов ерледі. Аяқ пен қолды үйлесімді ұштастыра білген ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының курсанты алтыннан алқа тағынды. Болашақ офицердің үздік техникасы қарсыластарын шыдатпай, Батырхан спорт шебері талаптарын мүлтіксіз орындады.  Өңір құрамасының қоржынына үшінші алтын алқаны  Нұрсұлтан Жақыпов түсірді. Алғашқы ел чемпионатында жұлдыздай жанған жерлесіміз фул контакт сынында топ жарды.

 Нұрсұлтан Жақыпов, кикбоксингтен ҚР чемпионатының жеңімпазы:
– Біріншіден,  бар білгендерін үйреткен бапкерлеріме алғыс айтқым келеді. Еңбектерінің зая кетпегендерін дәлелдеп үміттерін ақтадым. Сәтті бастамамды әлі талай жеңістермен ұштастырамын деп ойлаймын.  

Ал Абзал Байзақовқа жеңіс тұғырына көтерілу үшін бір қадам жетпей қалды. Ақтық кездесуде алаң иесімен жұдырық түйістірген жерлесіміз күміс алқаны еншіледі. Облыс құрамының мүшесі Инабат Малғаждаров та өз салмағында бір қарсыласына ғана есе жіберіп,  өңірімізге екінші орынмен оралды. Солтүстікқазақстандық Алдияр Талапкеров  үшінші орынды місе тұтқан.

 Сабыржан Сақтағанов,  кикбоксингтен СҚО жастар құрамасының аға жаттықтырушысы:
– Жастар арасындағы ел чемпионатында 2004 жылы Азамат Нүрпейісов чемпион атанды. Биылға дейін жолымыз болмай, алтын алқа тағынатын жеңісті жолымыз үзіліп қалды. Соңғы жарыста бірден үш жеңімпазбен оралдық. Көрсеткіш жаман емес. үмітіміз ақталды.
Енді бұл межеден түспей еселеудің жолын іздейтін боламыз.  

Кикбоксингтен өңіріміздің жастар құрамасы енді халықаралық турнирлерге әзірленіп жатыр. Кейін әлем біріншілігінде бақтары мен баптарын сынайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов