Әр түрлі

Хабарсыз кеткен майдангердің жерленген жері анықталды

 

 

 

 

ҰОС хабар- ошарсыз жоғалып кетті деген сөздермен солтүстікқазақстандық Василий Михайлович Климовтың өмірбаяны үзілді. Ол 1942 жылдың көктемінде Петропавл әскери комиссариатынан қанды майданға атанған. Бірден 270- дивизияның 975-ші атқыштар полкының қатарында Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыстарға қатысқан. Сол шайқастардың бірінде фашист басқыншылардың қолына түсіпті. 1945 жылдың 9 мамырында Кеңес елі Ұлы жеңісті тойлады. Бірақ  бұл бақытты көру  жерлесімізге бұйырмады. Немістің Люденштайд лагерінде тұтқында болған Василий Климов араға бір апта салып ату жазасына кесіліпті.

  Иосиф Марцинкевич, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бөлімі бастығының аға көмекшісі:
– 1945 жылдың 19 мамырында Василий Климов Нидерландының Амерсфорт қаласының маңындағы бауырластар зиратына жерленген екен.
Бұл мәліметтерді бізге шетелдік журналистер Ирина мен Ремко Рейдингтер жіберді. Нидерланды  елінде осымен 2-ші солтүстікқазақстандық жауынгер табылып отыр.  

Шет елдегі бауырластар зиратында Василий Климовтың қабірі 4288 нөмірмен белгіленген. Жалпы ҰОС-на Климов тегімен 21 солтүстікқазақстандық бозбала аттанған екен. Боздақтар атты естелік кітабында олардың 8-і із- түссіз жоғалып кеткендердің қатарында. Енді бұл тізім 1 адамға кеміп, Василий Климовтың толық өмірбаяны жазылатын болады.

 Иосиф Марцинкевич, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бөлімі бастығының аға көмекшісі:
– Бұл кітапта 16 654 солтүстікқазақстандық ҰОС хабар- ошарсыз жоғалып кеттті деп тіркелген. 1995 жылдан бері 15-сі табылды. Алайда олардың тек 8-ң ғана туысқандары анықталып оларға әкесінің, ағасының, не атасының жерленген жері туралы мәліметтер берілді.

Енді міне араға 65 жыл салып Василий Климовтың есімі қайта оралды.  Десе де жақын туыстарын табу әзірге мүмкін болмай отыр.

 Иосиф Марцинкевич, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бөлімі бастығының аға көмекшісі:
– Қазір қолымызда тек оның әйелі Евгения Климованың ескі мекенжайы бар.
Мұрағаттан табылған құжатта 8 март көшесі бойындағы 50-ші үй деп көрсетілген. Бұл мекенжайға шыққанда тек 48 бен 52-ші үй тұр. 50-ші үйдің орны бос. Туған жері  – бұрынғы Соколов ауданының Лебедки ауылына жіберген сұрауымызға жауап келмеді.  

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент мамандары Василий Климов немесе оның туыстары жайында ақпарат бере алатын адамдар болса хабарласуларын сұрайды.

 Жеңіс Ермұқанов