Билік

Тәртіптік кеңестің кезекті отырысы

 

 

 

Тайынша ауданындағы мемлекеттік органдар тарапынан жіберілген қателіктер өзге аудандармен салыстырғанда аз. Дегенмен тәртіптік кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшілерді аттестациядан өткізу мерзімін сақтамау, кіріс-шығыс құжаттарын тиісті деңгейде ресімдемеу сияқты олқылықтарды болдырмауды  аудан әкімі Анатолий Маковскийге қадағалауды тапсырды. Ал Жамбыл ауданы Баянауыл ауылдық округінің әкімі Асаубай Иманов бейтаныс біреуге мекенжай бойынша анықтама жазып берген. Осы ауылдық округтің тұрғынымын деген анықтама алған жас жігіт шекарада қолға түскен. Әкім ауылда дүкен ашамын деп келген бейтаныс кәсіпкердің біріне еш күдіксіз құжат берген.

  Асаубай Иманов, Баянауыл ауылдық округінің әкімі:

-Мен оған анықтаманы қолдан жазып бердім. Келісім бойынша ол ауылға көшіп келіп, тіркеуге тұрмақшы еді. Ол жігіттен ешқандай ақша алғаным жоқ.

Алайда, жалған құжат беру заңмен қудаланады. Асаубай Имановқа құқық қорғау органдарының басшылары бұндай әрекетке барған әріптестерінің тағдыры туралы ақпарат берді.

Мәлғаждар Тәткеев, СҚО бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы:

– Контрабандалық жолмен шекара аспақ болған адамға жалған анықтама берген Дубровинский ауылдық округінің әкімі 7 жылға, М.Жұмабаев ауданы Надежин ауылдық округінің әкімі дүние -мүлкі тәркіленіп, 5 жылға, Есіл ауданындағы Ясновский ауылдық округі аппаратының маманы 3 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Пригородный ауылдық округі аппаратының маманы Поповаға қатысты сот ісі жүріп жатыр.

Тәртіптік кеңес мүшелері Асаубай Имановты орнынан алу туралы ұсыныс жасайтын болып шешті. Айыртау аудандық құрылыс бөлімінің бастығы бас маманды жұмысқа алу жөніндегі құжатты ресімдеуде заңсыздыққа жол берген. Байқау кезінде тапсырылатын құжаттарды толық талап етпеген бөлім бастығына қатысты қатаң сөгіс жариялауды ұсыну туралы шешім қабылданды. Мәдениет үйінің басшысын конкурссыз қабылдаған аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Мафруза Науановаға қатысты да осындай жаза ұсынылды.
Ал ауданның білім бөлімінің бастығы Бағлан Қожақов 5 мектеп директорын арнайы тексеріссіз бекіткен. Кеңес мүшелері бұл факті бойынша “сөгіспен” шектелді. Айыртау ауданының мемлекеттік органдарында жүргізілген тексеріс ереже бұзушылықтардың саны өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге өскенін көрсетіп отыр. Ауылдық округ әкімдерінің аппараттарында байқаулар қорытындылары, қызметке алу, аттестациялардан өткізуге қатысты заң бұзушылықтар көбейген. Аудан әкімі Қадырбай Тоқтасынға мәселені бақылауға алып, аппарат басшысына қатысты шара қолдану ұсынылды.

 Тілеген Қаскин, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің СҚО бойынша басқармасының бастығы-Тәртіптік кеңес төрағасы:

-Таңқаларлығы , кейбір ауылдық округ әкімдері қабылдау да жүргізбейді. Жұмысқа тиісті деңгейде көңіл бөлмегендігі, нәтижесінде ереже бұзушылықтардың өсуіне жол бергендігі үшін аудандық аппарат жетекшісін тәртіптік жауапкершілікке тарту, тіпті жұмыстан шығару керектігін ұсынған жөн деп ойлаймын.

Кеңес мүшелері аппарат жетекшісі Жақсылық Жүсіповті қызметтен босату туралы ұсыныс беруді қолдады.  

Әсем Сембина