Мәдениет

Погодин театрында – премьера

  
 

 

 

 

Атының өзі айғай салып, күлкінің шаһарына шақырып тұрған қойылымды тамашалауға келгендер залды лық толтырды. Жаңа рөлдерді сомдайтын сүйікті актерларымен қауышуға асыққан көрермендерді труппа дәстүрлі драмадан кенет комедияға бетбұрыс жасау арқылы тосын сыймен қарсы алмақ болыпты. Дегенмен көрермен күткен қыран-топан күлкі бірден басталмады. Қойылым   баяғы “Алтын балық” ертегісінен баяулап басталды. Тек бұл жолғы шал мен кемпірдің тілегі әсте Пушкинше емес еді. Алтын балықтың қожайындары өткеннен бастап бүгінгіге жетті, одан асып болашаққа сапар шекті. Бір сөзбен адамның жүйрік қиялы жететін барлық кезеңді өткерді. Ал көңілді қойылымды ән, бимен ажарландыру үшін премьераға “Экспромт”, “Қарлығаш”, “Капельки” сияқты қаланың   өнер ұжымдары атсалысты. Бірақ шоудың өн бойында әннің ханшайымы біреу-ақ болды. Ол ҚР еңбек сіңірген әртісі,  Құрмет  орденінің иегері Надежда Косыгина.

  Надежда Косыгина, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
-Менің рөлім әртістерге қойылымды безендіруге, әнмен әрлеуге көмектесу және әнші ретінде шоудағы өз орнымды көрсету. Мұндағы барлық актерлердің жүгі ауыр. Себебі олар өз рөлдерінің шегінен шықпай, жан-жақтылықтарын, бас тәсілдерді қолдана білулері тиіс.

Бұл қойылым арқылы біз басқалардың нанын ақырын шетінен үзіп жедік дейді актерлердің өздері. Бірақ қалай жесе де жарасымды, ұтымды шықты. 2 ғасыр бұрын жазған Пушкиннің туындысын олар жеңіл әзілмен бүгінгіге жалғап жіберді. Бұған дейін күрделі, сом тұлғаларды ойнап жүрген әртістердің жеңіл, ойнақы кейіпте көрінуінің өзі көрермендерге қызық көрінді. Алайда актерге мұны жеткізу оңай болмағаны анық.

  Алексей Никулин, театр әртісі:
– Көрермендердің қошеметіне қарағанда мақсатымызға жеттік. Әрине, қобалжу да, қалай қабылдайды деген қорқыныш та биледі бойымызды. Келесіде бұдан да жақсы ойнап шығамыз деп ойлаймын.

Кеш бойы зал күлкімен жаңғырып, көрерменнің әсері театрдан шыққанша жүздерінде жазылып тұрды.

 Көрермендер:
-Спектакль өте ұнады. Идеясы жақсы. Бұрынғы заманмен қазіргіні байланыстырыпты. Енді театрға жиі келіп тұрамын.
-Өте сапалы дүние жасапты. Мен бізде осындай мықты әртістер бар деп ойламаппын. Осы бағыттарынан жаңылмаса, алда көп керемет қойылымдар туатынына сенімдімін
-Спектакль өзінің атына лайық шықты. Күліп, біраз көңілденіп қалдық. Сол үшін актерлерге рақмет.

Осылайша петропавлдықтар театр труппасын жаңа қырынан танып, бұрынғыдан жоғары бағаға лайық деп тапты.  

 

Кәусар Аяпбергенқызы