Құқық қорғау органдары

Қылмыстық жазалардың біразы жеңілдетілді



 

Ізгілендіру тарату мақсатынсыз есірткі заттарын сақтау, жолда жүру ережесін бұзу, денеге жеңіл жарақат салу сияқты қылмыс жасағандарға қатысты қолданылатын болды. Өйткені қасақана жасалмаған мұндай әрекеттерге көп жағдайда жастар ұрынып жатады. Ал айыппұл түріндегі әкімшілік жаза олардың кейінгі өмірлеріне дақ түсірмей, жақсы сабақ ретінде есте қалады. Мұны барлық полицейлер құптап отыр.

  Спартак Қабденов , СҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы:
-Қылмыстық кодекс бойынша іздеуде жүрген азаматтар, есірткі сақтағандар енді полицияға өз еріктерімен немесе адвокаттармен келіп, өтініштерін білдіре алады. Олар іздеуден шығарылады және жазасына қарай айыппұл төлейді.

Қылмыстық кодекстің 69-бабы да өзгеріске ұшырады. Ауыр емес қылмыс жасағандар 10 жыл, орташа қылмысқа кінәлілер 20 ішінде ұсталмаса,  одан кейінгі уақытта жауапқа тартылмайтын болады. Ал аса ауыр заңбұзушылық жасағандардың ісін қарау арада 25 жыл өткен соң тоқтатылады. Жиында тәртіп сақшылары ақпан айының 14 -16 аралығында жүргізілген “Іздеу” шарасының нәтижесін де атап өтті. 2 күн ішінде облыс бойынша 49 қылмыс тіркеліп, оның 41-і ізі суымай ашылған. Із-түссіз жоғалған 14 адам табылды. Бүгінгі күні әлі 73 қылмыскер іздеуде жүр, 6-уы адам өлтіргені үшін. Ал облыс аумағында қарақшылық жасап, 2010 жылдан бері іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы жақында өз елінде тұтқындалыпты.

  Сұлтанғазы Ережепов,  СҚО ІІД ҚПБ бастығының міндетін атқарушы:
– Ол азамат Петропавлда коттедж құрылысымен айналысқан. Сыбайласымен бірігіп үй иесіне шабуыл жасады. Байлап тастап бірқатар заттарын алып кеткен. Олардың бірі жасырынып жүр, екіншісі Өзбекстанның Әндіжан облысында тұтқындалды.  

Жыл басынан балалар үйі мен кәсіптік лицейлерден кәмелеттік жасқа толмаған 16 жасөспірім жоғалып, 11-і табылған екен. Көп жағдайда олар өз жақындарына қашып кететін көрінеді. Жиын барысында тәртіп сақшылары журналистер қауымына алғыс айтуды да ұмытпады. Ақпарат құралдарында берілетін мәліметтер іздеуде жүрген адамдарды табуға көп септігін тигізетін көрінеді. Сонымен қатар, телеарналар мен газеттерден қылмыстық заңнамаға енгізілген өзгерістер жайлы естіген құқықбұзушылар өз еркімен ІІД-ге келер деген сенім білдірілді.

Кәусар Аяпбергенқызы