Қылмыс

Қаладағы азық-түлік дүкендерінің біріне қарақшылық шабуыл жасалды

 

 

 

Алтынсарин көшесінде орналасқан «Филин» азық-түлік дүкенінде қарақшылық шабуыл қараңғылық түскенде жасалған. Бір жігіт дүкенге кіріп, өзгелермен қатар кезекке тұрған. Кейін дүкеншімен жеке қалған соң сөмкесінен шолақ мылтықты алып шығып, сатушыдан бар ақшаны беруді талап етсе керек. Дүкенші  қарсылық  білдіріпті. Сол кезде қаскөй оны қорқыту үшін сөреге оқ атқан. Зәресі ұшқан сатушы екінші бөлмеге қашып, полиция бөліміне қоңырау шалған. Бұл уақытта сезікті ізін жасырмақ болып, дүкеннен кетіп қалады. Дегенмен шұғыл қимылдаған жедел басқару орталығының қызметкерлері қылмыс жайлы және сезіктінің үстіндегі киімі жөніндегі ақпаратты барлық патрульдерге тез арада таратып үлгерген. Берілген мәлімет бойынша сырт бейнесі күдіктіге ұқсайтын ер адам Жамбыл көшесінен табылды.  Оқиға орнына жедел тергеу тобы жетті, дүкен сатушысы ұсталған жігітті бірден таныды. Сезікті Петропавл қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол мұндай әрекетке баруына түрлі себептер  айтып, ақтала бастады.  Сезіктінің айтуынша, шолақ мылтықты ол өткен жазда жақын жердегі ауылдардың бірінде тауып алып, қалаға әкеліп жасырған. Қазіргі кезде қарақшылық шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Айдана Демесінова