Билік

Облыста барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулері аяқталды

 

Президент биылғы Жолдауында 2020 жылға дейінгі еліміздің бағыт-бағдарын айқындады. Маңызды міндеттер мен басымдықтарды белгіледі. Он жылда Қазақстан дамудың жаңа деңгейіне жетуі керек. Халық алдындағы есебін мемлекет басшысының жолдауынан бастаған облыс әкімі бұл мақсатқа жетуге  солтүстікқазақстандықтардың да білек сыбана атсалысуы қажет екендігін атап өтті.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Үстіміздегі жылы Елбасы “Болашақтың іргесін бірге қалаймыз” атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда алдағы жылға арналған мемлекеттік саясаттың нақты басымдықтары айқындалған. Онжылдықтың басты мақсаты – индустриалды-инновациялық және әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру. Елімізде индустрияландыру бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. Білім беруде, денсаулық сақтауда, тілдерді дамытуда, тұрғындарды жұмыспен қамтуда, тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығында, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуде реформаны жүзеге асыру көзделіп отыр.

Бүгінгі күні облысымыз серпінді дамыған өңірлер қатарынан табылып отыр. 2010 жылдың қорытындысы осыны паш етеді. Қазір облыстың экономикасы тұрақты дамып келеді. Агроөнеркәсіп кешенінде, өнеркәсіпте, тұрғын үй құрылысында, шағын және орта бизнесті дамытуда, әлеуметтік-мәдени салада айтарлықтай нәтижеге жеттік.
Есепті кезең ішіндегі облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуының нәтижесін барлық негізгі көрсеткіштерден байқауға болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста жалпы ішкі өнім 406,5 млрд. теңге мөлшерінде болады деп күтілуде. Облыстың дамуында аграрлық сала айырықша орын алады. Ауыл шаруашылығында зор жетістіктер баршылық. Мемлекеттің қолдауынсыз емес, әрине.

  Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
 2010 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім өндіру көлемі 158 миллиард теңгеден асып түсті. Бұл саланы дамыту үшін жыл сайын айтарлықтай қаражат жұмсалады. 2010 жылы республикалық бюджеттен 6,4 миллиард теңге бөлінді, бұл 2009 жылғымен салыстырғанда 1 миллиард теңгеге артық.Асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға жергілікті бюджеттен 335 миллион теңге бөлінді.

Агроөнеркәсіп кешені – экономиканы тұрақты дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан алда жаңа, ауқымды міндеттер тұр деді облыс әкімі. Ең алдымен салада еңбек өнімділігін арттыруға , елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экспорттық әлеуетті арттыруға айырықша назар аударылмақ. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру облыстың өнеркәсіп кешенін тұрақты өсіммен қамтамасыз етуге ықпал жасады. 2010 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 80,5 миллиард теңгеге жуықтады. Кәсіпкерлікті дамыту саласында облыста қолайлы бизнес ахуалын қалыптастыруға, әкімшілік кедергіні жоюға бағытталған жұмыс жүріп жатыр. Бұл жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Қолданылған шаралар нәтижесінде облыста баға тұрақты күйінде қалуда. Әлеуметтік саланың дамуында да мол өзгерістер бар. Облыста жаңа мектептер мен балабақшалар ашылуда. Ауруханалар пайдалануға беріліп жатыр. Мұғалімдер мен дәрігерлерге мемлекет барынша қолдау көрсетіп-ақ келеді. Қысқасы, тындырылған шаруа жетерлік. Ендігі міндет – жетістіктерді еселей түсу деді облыс әкімі. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер және мемлекеттің қолдауы бар.
  Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беруі жыл сайынғы дәстүрлі шара. Халықпен ашық сұхбат атқарушы органдар үшін нағыз сынақ. Өйткені  облыстағы өткір мәселелерді тұрғындар нақ осы кездесулерде қозғайды. Облыс әкімінің есептік жиынында жұртшылық таза ауыз су проблемасын көп көтерді. Жамбыл ауданында үстіміздегі жылы бұталы ұңғымалардың құрылысы басталмақ. Бұл мақсатқа 224 млн. теңге бағытталған. Облыс әкімі жоспарға Первомай селосының енгізілетінін айтты. Тимирязев селосының тұрғындары таза ауыз сумен 2012 жылы толық қамтамасыз етілмек.

Сұрақ:                                                                                                                                                                                                              –Қаратал ауылын сумен қамту қалай шешіледі?
Жауап
:                                                                                                                                                                                                           –Биыл шешеміз. Су болады биыл.

Заречный кентіне тартылған жылу трассасы аяқталмай қалыпты. Қаражат керек. Қалалық мәслихат депутаттары бұл мақстатқа облыстық бюджеттен 50 млн. теңге бөлінсе , өзгесін қалалық қазынадан бағыттаймыз дейді. Бұл мәселе де бақылауға алынбақ.  Кездесуде жол жөндеу, тариф, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту, баспана мәселелері көтерілді. Жиында тұрғындардан  түскен арыз-өтініштер мен ұсыныстардың барлығын жергілікті атқарушы билік бақылауға алады.

 Айымгүл Әбілева