Мәдениет

«Бабалар мұрасын сақтаймыз және көбейтеміз»

 

Көрмеге кірген бетте ою-өрнекпен көмкерілген үлкенді-кішілі бұйымдар, тоқыма заттар көздің жауын алады. Қойылған жұмыстардан облыстың ең үздік қолөнер шеберлерінің қолтаңбалары байқалады. Авторлар негізінен өз сүйікті істерін келісті бұйымға айналдыра білген оқушылар. Мәселен, анасына қолғанат бола жүріп, құрақ құрауды үйренген Аида Жаманбаева енді өз жұмысын қазылар назарына ұсынып отыр.

  Аида Жаманбаева,  қалалық классикалық гимназия оқушысы:
-Мен 9 жасымнан бастап құрақ құрамын. Бұл жұлдыз көрпе деп аталады. Мен оны 1 күнде жасадым.

Залда ағаш ою, көркем металл, кесте тігу сияқты 9 номинация бойынша қолөнер жұмыстары орналасқан. Жасалу тәсілі, материалы, безендірілуі жағынан бір-біріне ұқсамайтын мұндағы заттардың бәрі ерекше бағаға лайық. №1 арнайы түзету мектебінің шеберлері өздерінің ерекше көркем жұмыстарымен бәрінен бөлек орналасыпты. Бұл бұрыш тура бағзы замандағы қазақтың киіз үйінің іші сияқты. Тіпті бесікте жас нәрестеге дейін жатыр. Әділбек Жүнісов киіз үйдегі ерекше бағалы жабдық – сандықты жасапты.

  Әділбек Жүнісов,  №1 арнайы түзету мектебінің оқушысы:
 -Бұл сандықты 1 апта жасадым. Фанерадан жасап,  үстіне ою орналастырдық.  

Бұл қазақы бұрышқа қазылар да лайықты бағасын беріп кетіпті. Бесік және матадан жасалған  бұйымдар республикалық қолөнер сайысына жіберілетін болды. Ал жүлделі орындарға ие болған басқа да туынды иелері грамота және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Кәусар Аяпбергенқызы