Балалар

Жазасын өтеп шыққан жасөспірімдерді оңалту

 

Темір тордың ар жағында жазасын өтеп шыққан жасөспірімдерге көмек қолын созу керек дейді жиналғандар. Оларға өмірде өз орнын табуға көмектесу қажет . Өйткені түзету мекемесінен босаған жастар теріс жолға қайта түсіп кетуі мүмкін.

  Сайран Сәркенов, Петропавл қалалық ІІБ кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы:
-Бұндай жағдайлар болады. Бір жасөспірімді Тараз қаласына арнайы мектепке жібердік. Ол жеті рет қылмыс жасап,  қолға түсті . Негізінен тонау фактісі бойынша.

Түзету мекемесінен босаған жасөспірімдер біраз  уақыт тәртіп сақшыларының бақылауында болады. Балалардың құқығын қорғау, әділет департаменттері мен білім беру саласының қызметкерлері көмек көрсетеді. Дей тұрғанмен бірінші кезекте ата-ананың қолдауы қажет дейді мамандар. 164/6 түзету мекемесінен жыл сайын жетпіске жуық адам бостандыққа шығады. Жасөспірімдердің бір бөлігі оңалту орталығына орналасады. Бірақ бұл жерде орын жетіспейді. Сондықтан бүгінде кәмелеттік жасқа толмағандарды оңалтуға арналған қосымша орталық ашу қажет, біз осындай ұсыныс жасап отырмыз дейді “Жас Отан” ЖҚ қалалық филиалының атқарушы хатшысы Рүстем Есенбергенов. Кездесуге мемлекеттік органдар қызметкерлері, халық қалаулылары, қоғамдық бірлестіктер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Түзету мекемесінен босап шыққан жасөспірімдерді оңалтуға қатысты өз ойларымен бөліскен жиынға қатысушылар бұл мәселені бірлесе шешу қажет деген пікірде.

Айымгүл Әбілева