10 жыл Германияда тұрған Альберт Визнердің отбасы туған жерге қайтып оралыпты. Шетелде үстел теннисінің қыр-сырын меңгере бастаған Альберт сүйікті әуестігін қазір де тастамай жүр. Жігерлі жастың талпынысы да зая кеткен емес. Тынымсыз жаттығулары жеңісті жолдарын еселей түсуде. Бұл жолы да оқушылар спартакиадасы аясындағы алғашқы екі кездесуі жеңіспен аяқталды.
Альберт Визнер, сайыскер:
– Германияда үстел теннисіне үлкен көңіл бөлінеді. Сондықтан бұл ойынды онда екінің бірі тамаша меңгеріп алған. Біріншіден, денсаулық кепілі. Шапшаң қимыл мен жылдам шешім табуға баулиды. Ал Қазақстанда тенниспен әуестенетіндер шамалы. Сондықтан бәсекелестік те аз. Жеңіске жету қиындық туғызбайды.
Ал нәзік жандар арасындағы сында Маргарита Барабанщиковаға әзірге тең келер қарсылас табылмай отыр. Ракетканы қос қолымен бірдей меңгеріп алған 12 жасар қыз бүгінде облысымыздың бірінші нөмірлі теннисшісі саналады. Ол ересектердің үшінші разрядына да ие.
Маргарита Барабанщикова, сайыскер:
– Қарсыластарым тым осал деп айта алмаймын. Алайда қос партиялы үстел ойынында жеңімпаз атануыма әзірге ешкім кедергі жасай алар емес. Еш қиындықсыз алда келемін. Бұл жарыс маған үлкен додаларға жаттығып, шыңдалуыма жақсы сеп болды. Мақсатым – алған бағытымнан қайтпай, спорт шебері атағына қол жеткізу.
Жарыс жекелей сында мықтыларды анықтап қоймайды, сондай-ақ үздік мектеп командасын таңдауға арналған. Бұл сынға әр мектептен 3 спортшыдан шықты. Жиыны 32 мектеп . Ал қыздар арасында жалпыға бірдей білім беру мекемелерінен 25 құрама жиналды.
Ирина Васильева, жарыстың бас төрешісі:
–Үздіктерді облыс біріншілігіне іріктейміз. Жыл санап сайыскерлердің санымен қатар сапасы да артып келеді. Бұл бұқаралық спорттың әсіресе жастар арасында белең алуының белгісі, біздің көздегеніміз де осы – оқушыларды барынша салауатты өмір салтына баулып, спортқа тарту.
Алғашқы күннің қорытындысы бойынша “Бест” гимназиясы мен № 16, 17 мектептердің ер балалары алда келеді. Қыздардың тартысында әзірге классикалық гимназия мен №6,10 мектептердің оқушылары көш басында. Іріктеу кезеңіндегі өз лектерінде топ бастағандары ақтық сынға өтеді. Қорытынды кездесулер ақпанның 17-сіне жоспарланған.
Жеңіс Ермұқанов