Ауыл шаруашылығы

Өзен-көлдерге ауа жіберілуде

 

Бүгінде өңіріміздегі 300-ден астам су көздерін 124 кәсіпкер балық шаруашылығын дамыту мақсатында ұзақ мерзімге жалға алып отыр. Ал  мол өнім алу үшін  тиісті жағдайлар жасалуы тиіс. Мұндай жұмыстардың бірі – суға оттегі жіберу. Әсіресе қыс уақытында су бетіндегі мұздың қалыңдауынан су жәндіктерінің ауасыз қалу қаупі жоғары.

 Николай Трошихин, СҚО балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
-Қазір мұздың қалыңдығы кей жерлерде 1 метрге дейін жетеді. Оның үстінде 40 см-дей қар жатыр. Бұндай қалыңдықтан күн көзінің сәулелері өте алмай, фотосинтез үрдісі дұрыс жүрмейді. Осыдан
балықтарға қажетті оттегі бөлінбейді.  

Бір литр судағы оттегінің мөлшері кем дегенде 2 мл. болуы тиіс. Әйтпесе, өңір табиғатына әбден бейімделіп, көптеп тараған тұқы тұқымдас балықтарының өздері де оттегі тапшылығына шыдас бермеуі мүмкін.

Николай Трошихин, СҚО балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
Біз бүгінде 40-тан астам су көздерінің құрамына зертханалық сараптама жасадық. Оның қорытындысы – 15 көл суындағы ауаның қалыпты мөлшерден әлдеқайда төмендігін көрсетті. Су бүлініп иістеніп кетіпті. Қазір ондай жерлерде аэрация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі жыл соңына дейін аулау көзделген 1000 тонна қырылып қалуы мүмкін.  

200 гектар жерді алып жатқан  Пестрое  көлінің бүгінгі жағдайы негізгі талаптарға жауап береді. Дегенімен мұнда өткен жазда табан, шортан тұқымдастарының шабақтары жіберілгендіктен су жәндіктерінің тынысын кеңейту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Насосты құрылғы арқылы күніне мыңдаған текше метр су өтеді . Осы айналымның арқасында көл суы оттегімен бір аптада толықтай баиды. Балықтарды ауамен қамту мақсатында бұл жерде үйреншікті бұрғылау әдісі де қолданылады. Арнайы құрылғының көмегімен 3 мыңға жуық ойық тесу көзделген. Сондай-ақ жалға алушылар биылдан мәселені жылдам шешудің бір амалын ойлап тауыпты.

 Григорий Петрушевский,  СҚО балық инспекциясы бөлімінің бас маманы:
– Мына айналмалы вентиляторлық қондырғы желдің күшімен тәулік бойы тоқтамай жұмыс істей береді. Осының әсерінен судың астына жалғанған ауа таратқыш құрылғы үздіксіз оттегін бөліп, балықтарға жіберіп отырады.
Ешқандай шығынды талап етпейді. Деседе қуаттылығы аз. Бұл әдістің тиімділігін арттыру үшін су көзіне қондырғының 5-еуін орнату керек.   

Кей жалға алушылар оттегі баллондарының да көмегіне жүгінетін көрінеді. Өңіріміздегі өзен, көлдердегі су жәндіктерінің тарылған тынысын кеңейту жұмыстары мұз жұқарғанға дейін жалғасады.

Жеңіс Ермұқанов