Өткен жыл туризм және спорт саласы үшін табысты болыпты. “Жол картасы” бағдарламасы аясында алты спорттық нысан күрделі жөндеуден өткізілген. Бұл мақсатқа 64,5 млн. теңге бағытталыпты. Өңірімізде ауылдық жерде спортты дамыту үшін көп жұмыс атқарылуда. Былтыр бірқатар елді мекендерде жаңа нысандар салынып, тозығы жеткендері қалпына келтірілген.
Руслан Есеналин, СҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары:
-Өткен жылы облыс аудандарында 6 хоккей қорабы салынды. Явленка, Пресновка, Ленин, Неженка ауылдарында стадион қалпына келтірілді.
2010 жыл жерлес спортшылар үшін жемісті болған. Қытайда өткен 16-шы жазғы Азия ойындарында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Маргарита Мацко алтын және күміс алқаларды еншіледі. Осы дүбірлі додада тағы бір спортшымыз Евгений Эктов күміс жүлдеге қол жеткізді. Өзге де халықаралық сайыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүрген жерлестеріміз баршылық. Бұл ретте ел абыройын асқақтатып жүргендердің еңбегі тиісінше бағаланып-ақ жатқанын айту керек. Облыс әкімі былтыр бірқатар спортшылар мен жаттықтырушыларға пәтер кілттері мен сыйақылар табыс етті. Болашағы зор спортшыларды тәрбиелейтін мектептердің ұжымдары да марапатсыз қалмақ емес. Өткен жылдың қорытындысы бойынша “Үздік қалалық спорт мектебі” аталымында Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі топ жарса, айыртаулықтар “Үздік ауылдық спорт мектебі” аталымында бірінші орынды иеленді. 2010 жылды жақсы көрсеткіштермен аяқтап отырған спорт басқармасындағылар үстіміздегі жылы алда тұрған міндеттерді де айқындады. 2011 жыл еліміз үшін сәтті басталды. Қазақстан құрамасы жетінші қысқы Азия ойындарында жеңіс тұғырының бірінші сатысынан көрінді. Дүбірлі дода нәтижесі бойынша солтүстікқазақстандықтардың қанжығасында – бір алтын, 2 күміс, 2 қола алқа. Алдағы уақытқа үлкен алты спорттық шара межеленген. Осы додаларда облысымызды лайықты көрсету үшін зор дайындық қажет.
Айымгүл Әбілева