Спорт

Каратэден облыс біріншілігі

 

 

 

 

 Кекушинкай каратеден ашық облыстық турнир Айыртау, Жамбыл, Қызылжар аудандары, Петропавл қаласының шығыс шекпежекшілерімен қатар еліміздің барлық қалаларының үздік спортшыларын бір тотамиге жиды. Аяқ пен қолдың үйлесімділігін шебер меңгергендіктерін таныту үшін 400-ге тарта сайыскер белді бекем буып келген. Жарысқа қатысушылардың ең кішісі 5 жаста , үлкені – 24-те. Бұл спорт түрінің облысымызда дамуына 10 жыл толуына арналған додада тартыс 10 топқа іріктелген файтерлер арасында өтті.

 Владимир Витченко, СҚО кекушинкай каратэ федерациясының президенті:
-Сайыскерлердің деңгейі өте жоғары.
Өз өңірлерінің мықтылары, ел чемпиондарымен қатар халықаралық жарыстар мен еуропалық дүбірлі додалардың жеңімпаздары келіп отыр. Жеңіске жету оңай болмайды. Мақсаттарына жету үшін әр қатысушы үздік қарсыласпен 4-5 кездесуден өткізуі қажет.

Спортқа енді келген кіші топтың мүшелері жарыс шымылдығын ашып, кумитэ жекпежектері көз тартарлық қызықты басталды. Шымкенттік Бейбарыс Алтайұлы 4 айдың ішінде ел чемпионы атанып үлгеріпті. Енді міне дарынды жас тағы бір аламан жарыста аяқ қолын оңды-солды сілтеп, ұтымды маваша, майгири соққылары қарсыласына есе қайтаруға мұрша беретін емес. Бейбарыс бұл алған райынан қайтпаймын деп жігерленіп отыр.

  Бейбарыс Алтайұлы, сайыскер, Шымкент қаласы:
Мен Петропавлға тек жеңу үшін келдім. Бірінші қарсыласымды оңай жеңдім. Енді қалған қарсыластарымды да осылай жеңуге тырысамын.

Жалпы іріктеу сындарында 300-ден астам жекпе-жек өтті. Сүрінбеген 148-і ақтық жарыстарға жолдама  алды. Қорытынды кездесулер елімізде өткен маңызды спорттық шара – ақ Азиаданың жабылуымен тұспа тұс келді.

  Азамат Манапов, бас төреші, Алматы қаласы:
– Жарыс 7-ші қысқы Азия ойындарына арналған.
Каратэшілер өздерінің үлестерін осылайша қосып жатыр. Осында 10 жыл бұрын кекушинкай каратесін ашқанбыз. Сол Азиадамен бірге келіп отыр. Ол үлкен қуаныш. Әрбір сайыста балалар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, болашақтағы жарыстарға ынта қояды.  

83 жұптан құралған үздіктердің қатарында 48 солтүстікқазақстандық бар. Жерлесіміз Әли Омаров өз сайыс алаңында барлық  қарсыластарына дес бермей турнирдің жеңімпазы атанды.

  Әли Омаров, жарыс жеңімпазы, Петропавл қаласы:
Мен каратэмен 6 жыл айналысып жүрмін. Бірінші жетекшім Манапов Азамат, қазір Владимир Витченконың қолдауымен айналысамын. Региондық екі жарыстарда 1,2 орын алдым. Облыстық чемпионаттарда да тек 1 орын аламын.  

Жалпыкомандалық есепте тең келер қарсылас табылмаған Астана қаласының каратешілеріне бас жүлде бұйырды. Петропавлықтар екінші орынды қанағат тұтты. Ал үздік үштікті Қарағандының құрамасы тұйықтады. Жалпы жарыста суырылып алға шыққан үздіктер Ұлттық құрама сапына іріктелді. Ал жерлестеріміз Владимир Витченко, Саят Өтегенов пен Евгений Дуев ел намысын әлем кубогында қорғайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов