Құқық қорғау органдары

Есірткі тасыған екеу ұсталды

 

 

Есірткі сатудың бір фактісі ДСР ауданындағы жеке үйлердің бірінде анықталды. 24 жастағы петропавлдық есірткі қылмысы үшін бұрын сотталған, полиция мен наркология орталығында тіркеуде тұр екен. Одан ақша, қолданылған шприцтер мен бір жарым грамм героин тәркіленді. Ер адам есірткінің бір бөлігін өзіне қолдануға қалдырып, қалғанын сатып отырған. Есірткі саудагерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Осындай тағы бір қылмыс Жұмысшы кентіндегі Восточный көшесінде әшкереленді. Із кесушілердің торына  22 жастағы бойжеткен түсті, бұрын заң бұзбаған.  Тінту барысында одан 16 грамм героин тәркіленді. Айғақ заттар табылғанымен қыз  өзін кінәлі деп есептемейтін көрінеді.  Қазірде сезіктілер қамауға алынып, тергеу жүргізілуде.

  Әлия Ешпенова, СҚО ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының инспекторы:
– Жыл басынан солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары есірткіге байланысты 34 қылмысты ашты, оның 4-і сату фактісі. Заңсыз айналымнан екі жарым килограмдай есірткі тәркіленді, оның 34 грамы героин.

Қазіргі кезде полицейлер сезіктілердің есірткіні қайдан және кімнен алғандарын анықтауға бағытталған іздестіру шараларын жүргізуде.

Кәусар Аяпбергенқызы