Денсаулық сақтау

Жылжымалы донорлық пункт

Облыс орталығының медициналық ұйымдарын сапалы қан компоненттерімен қамтамасыз ету – маңызды жұмыс. Донордан алынатын қан ауыр науқастарға құйылады.  Сондықтан донорларға қолайлы жағдай жасап, қан орталығына келу уақытын үнемдеу мақсатында көшпелі жағдайда қан тапсыру қолға алынып отыр.

Ринат Жахин, СҚО қан орталығының бас инженері:
– Автобус үш бөлмеден тұрады.
Алғашқысы тіркелу орны. Келесісінде дәрігер донордың қан қысымын, тобын, гемоглобинін, қауіпті топқа жатпайтынын анықтайды. Ал соңғы бөлмеде негізгі қан алу жұмыстары жүргізіледі. Көлік нысанының іші стерилді пластикпен қапталған. Қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында бірдей жыл бойы жұмыс жасай аламыз.

Жаңадан құрылған мобильдік құрам заманауи медициналық жабдықтар, тасымалданатын дәрілік заттармен толық қамтылған. Бұл жылжымалы медициналық кешеннің ұзақ мерзім бойы автономды жұмыс жасауын қамтамасыз етеді. Бір уақытта екі донорды қатар қабылдау мүмкіндігі бар.

Надежда Диденко:
Баламмен облыстық ауруханаға келе жатқанымда бүгін донор күні деген хабарламаны көріп қалдым. Мүмкіндікті пайдаланып қан тапсыруға бел будым. Әйтпесе орталықтың өзіне бару үшін уақыт табу қиын. Донор үшін еш қаупі жоқ, тіпті қан айналымы реттеліп тазарады деп естідім. Ал менің қаным біреудің өмірін аман сақтап қалуға қажет болады деп ойлаймын.

Жылжымалы донорлық  пункт алғашқы жұмыс сапарының бірінші сағатында 7 адамның әрқайсысынан 450 мл. қан алып үлгерді.

Жеңіс Ермұқанов