Жол полициясы инспекторының күнделікті және негізгі жұмысы – жолдағы тәртіпті қадағалау, ереже бұзушылықтардың алдын алу. Бірақ аға инспектор Әскербек Жәнібековтің түсінігінде полиция қызметкері ұғымының аясы әлдеқайда кең. Өткен көктемде ол жанып жатқан үйден әйел адамды алып шығып, өмірін сақтап қалды.
Әскербек Жәнібеков, СҚО ІІД жол полициясы жеке батальонының инспекторы:
– Бір әйел адам ауырып қалып қойды үйдің ішінде. Соны алып шықтық өртеніп жатқан үйден. Біріншіден біз халықты ойлауымыз керек, жұмысым сондай менің.
Өз өмірін қатерге тіксе де, өзгелердің алғысын алған Әскербек Жәнібековтің ерлікке тұрарлық бұл ісі ескерусіз қалмады. Оның кеудесіне қадалған «Қоғамдық тәртіпті қорғағаны» үшін төсбелгісі сол түннің ұмытылмас естелігі болмақ. Әскербек Жәнібековке Азиада алаугерлерінің бірі болу бақыты да бұйырыпты. Өзіме мұндай ұсыныс түскенде ойланбастан қабыл алдым дейді полиция инспекторы.
Әскербек Жәнібеков, СҚО ІІД жол полициясы жеке батальонының инспекторы:
-Мен алау шеруіне қатысқаныма қуаныштымын. Азия ойындары елімізде бірінші рет өтейін деп жатыр. Мен де соған өзімнің үлесімді қостым.
Күллі Қазақстан қошемет білдірген Азиада алауын ұстап жүгіргендердің қатарында тәртіп сақшыларының болғаны барлық полицейлер үшін абырой.
Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ЖПБ штабының инспекторы:
– Біздің жігіттер, ЖПБ инспекторлары осындай шараға қатысқанына қуаныштымыз. Спортсмендерімізге сенеміз. Алғашқы орындарды алады деген тілектеміз.
Петропавлдағы Азиада алауының шеруіне Әскербек Жәнібековпен қатар аға сержант Жамбыл Топаев пен майор Талғат Шаяхметов те қатысқан екен. Барлық алаугерлер енді Азия ойындарына барып, жанкүйер қатарында болу мүмкіндігіне ие болды.
Кәусар Аяпбергенқызы