Денсаулық сақтау

Оқушылар арасындағы медициналық тексеріс

 

 Мектеп оқушыларын медициналық тексерістен өткізу –  жылдағы жоспарлы шара. Қалалық емхана мамандары әр мектепке келіп, балалармен кездесуді үшінші тоқсаннан бастаған. Бала денсаулығын бақылауда ұстап, тексеріп отыру жас ағзадағы өзгерісті, ауруды алдын ала анықтауда аса маңызды.

  Татьяна Рублева, Петропавл қалалық балалар емханасының педиатры:

-Медициналық тексеріс кезінде бала ағзасының динамикасын байқаймыз. Кейбір аурулардың алдын алуға болады. Инфекциялық, паразитарлық ауруларға жол бермеу жағы қарастырылады.

Бала ағзасы үшін ең қажетті дүние – құнарлы ас пен спорт. Бірақ соңғы жылдары кейінгі буынның арасында салауатты өмір салтын ұстанушылардың аздығы байқалады.

  Галина Белетченко, Петропавл қалалық балалар емханасының педиатры:

Салмақтары аз балалар көп кездеседі. Ондайларға диета белгілеп, салауатты өмір салтын насихаттауға, спортпен айналысуға ақыл-кеңес беріп отырамыз. Таза ауа өте пайдалы. Компьютердің алдында отыруды азайту керек.

Компьютердің алдындағы сансыз сағаттар ақырында көру қабілетін нашарлатады, омыртқаның қисаюына әкеліп соқтырады.  

  Галина Белетченко, Петропавл қалалық балалар емханасының педиатры:

-Көру қабілеті нашар балалар көп. Оларға көзге арналған жаттығулар жасау керек. Балалар арасында омырқаның қисаюы көп кездесетін болып жүр.

Қала баласының омыртқасы ауыр жұмыстан қисаймаса керек-ті. Сондықтан  дәрігерлер жаттығу жасауды тапсырып, ақыл-кеңестерін аяп жатқан жоқ.

  Арман Нәушенов, М.А. Айтқожин атындағы № 1 орта жалпы білім беретін инновациялық мектеп оқушысы:

-Біздің үйде, мектепте компьютер мен теледидар алдында ұзақ отыратынымыз шындық. Денсаулықты сақтау керек, сондықтан дәрігерлердің келгені жақсы.

Облыс орталығының дәрігерлері Петропавлдағы үш мектептің оқушыларын тексерген. Жалпы биыл 10 мыңнан аса баланы медициналық қараудан өткізбекші.

Әсем Рахметова