Спорт

Қысқы спорт түрлерінен фестиваль өтті

 

  

 

 

 

 

Фестиваль 7-15 жас аралығындағы 100 шақты жеткіншектердің басын қосты. Олар коньки, шаңғымен жүгіру және хоккей ойыны бойынша сынға түсті. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 3 топқа іріктелген болатын. Балдырғандар әр топта 3 жүлделі орынға таласады. Алайда жиылғандар үшін бұл фестивальдегі бастысы жеңіс емес, ең маңыздысы – Азия ойындарына қатысушы жерлестерімізге қолдау көрсету болып тұр. Ал жаттықтырушылар қауымы елімізде өтетін 7-қысқы Азия ойындары жасөспірімдер үшін үлкен үлгі болатындығын айтып, Азиадаға орай ұйымдастырылып отырған осы жарыс кейінгі буынды спортқа тартатынына сенеді.

  Рафаил Сингатулин, Қ. Байболов атындағы спорт мектебінің хоккей бойынша аға жаттықтырушысы:
-Азиада жаңа мықты спортшыларды тәрбиелеуге зор мүмкіндік ашады.
Техникамен жабдықтау қолға алынып отыр. Жаңа мұз айдындары ашылып жатыр. Спорттың дамуына көп көңіл бөлінуде.

Шарада шаңғы спортынан эстафета өтті. Онда әрбір шаңғышы шеңберді 3 мәрте айналып өтуі тиіс еді. Жаттықтырушылар алдағы уақытта облысымыздан әйгілі шаңғышылар шығатынына үмітті.

  Андрей Миронов, Қ. Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің шаңғы спорты бойынша жаттықтырушысы:
-Атақты спортшыларды тәрбиелеуге мүмкіндік бар. Жастарды спортпен шұғылдануға көбірек тарту керек. Дайындап, тәрбиелеу қажет. Біздің облысымыздан көптеген спортшылар әлемдік деңгейдегі додалардан мақтауға тұрарлық көрсеткіштерге жеткен.

Фестивальға қатысқан жас спортшылар да болашақта биік белестерді бағындыруы ықтимал. Өйткені Қ.Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі талай атақты тұлғаларды ұядан ұшырған. 7-қысқы Азия ойындарында еліміздің намысын қорғайтын Татьяна Сокирко, Дмитрий Бабенко, Роман Креч және Елена Урванцева солардың қатарында.

Айдана Демесінова