Спорт

Оқушылар арасындағы Азиадаға арналған шара

 

 

 

 

 Мектепте салауатты өмір салтын ұстану, спортты дамыту тақырыптарындағы тәрбие сағаттары жиі өткізіліп тұрады. Бүгінгі шара соның айғағы. Мектеп оқушылары республикамызда бастау алған дүбірлі жарыс – 7-ші Қысқы Азия ойындары жайында жақсы біледі. Мұғалімдер шәкірттеріне Азиаданың еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін түсіндіруде.

  Алма Базарбаева,  № 17 ұлттық өркендеу орта мектеп – кешенінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы:
Қазір еліміз дүбірлі оқиға – 7-ші Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайын. Осыған орай біздің мектебіміз балаларды спортқа баулу үшін әр түрлі спорттық іс-шаралар өткізіп жатыр. Оның алдында Азия ойындары туралы ақпарат алды.

Пайдалы шарадан оқушылардың алған әсері мол. Тек Азия елдерінің қатысуымен өтетін жарысқа Қазақстан спортшылары 1996 жылдан бастап жолдама алды. Дәл осы жылы 9 сынып оқушылары дүниеге келіпті. Олар маңызды оқиғамен өздерінің құрдас екендерін естігенде бір марқайып қалды.

  Анастасия Кобозева,  № 17 ұлттық өркендеу орта мектеп – кешенінің оқушысы:
Әрине, біз өз спортшыларымызды белсенді түрде қолдап жатырмыз. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға. Мен өзім 96 жылғымын. Еліміздегі осындай елеулі оқиға күні туғаныма қуаныштымын. Болашақта спортшы болу ойым бар. Мүмкін менің арманым орындалып, Азия ойындарына қатысып қалатын шығармын.  

Тәрбиеленушілерді тағы бір қуантатыны әр төрт жыл сайын өткізілетін доданың жалауын қазақстандықтардың 7-ші болып көтеруі. Мұндай мәртебе кез-келген елге бұйыра бермейді. Мемлекетімізге осындай үлкен сенім көрсетілуі біз үшін мақтаныш дейді жеткіншектер.

  Аман Теміров,  № 17 ұлттық өркендеу орта мектеп- кешенінің оқушысы:
-Мен біздің қаламызда ертең өткелі тұрған алау эстафетасы үшін қуанып тұрмын. Осы арқылы біз еліміздің спортшыларына деген қолдауымызды көрсетпекпіз.

Тәрбие сағаты аясында жасөспірімдер 7-ші Қысқы Азия ойындарының барлық спорт түрлерімен жақынырақ танысты. Екі командаға бөлініп жарысқан мектеп оқушылары барлық тапсырманы ынтыға орындады.

Гүлден Сәрсенбаева