Құқық қорғау органдары

«Қауіпсіз жол» аяқталды

 

 «ВАЗ» машинасының жүргізушісін  полиция Конституция және Осипенко көшелерінің қиылысында тоқтатқан. Жол сақшылары жүргізушінің мас күйде рөлге отырғанын байқап, бірден шара қолданған.

 Қайрат Есімсейітов, СҚО ІІД ЖП ЖБ инспекторы:

-Бұл азаматтың құжаттарын тексерген кезде одан алкогольдың өткір иісі сезіліп тұрды. Кейін жүргізуші Петропавл қаласының наркологиялық орталығына жіберілді.

 

Жүргізушінің ішімдікті қолданғанын медициналық сараптама да дәлелдеді. Көлік иесінің айтуынша, машинаға отырмас бұрын 2 бөтелке сыра ішкен екен. Жол полицейлері әкімшілік хаттама толтырды,  соттың шешімі бойынша бұл азамат 2 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Қала көшелері мен республикалық маңыздағы тас жолдарды күзетуге күн сайын 100-ден астам адам шығады. Олардың 20-сы жол полициясының экипаждары болса, 60-ы инспекторлар. Жол сақшылары мас күйде көлік жүргізген, машина жүргізіп келе жатқанда ұялы телефондарды қолданған, қауіпсіздік белбеуін  тақпаған, жалпы жолда жүру ережелерін бұзған азаматтарды анықтап отырады. 5 күнге созылған рейдтік шараларда 10 шақты заң бұзушылық байқалған.

 Сайлау Мусин, СҚО ІІД ЖПБ ЖБ командирі:

-Жолда жүру ережесін бұзушылықтың 1 214 фактісі анықталды. 43 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды. Қауіпсіздік белбеуін тақпаған 250 автокөлік иесіне әкімшілік хаттама толтырылды.

«Қауіпсіз жол» операциясы аяқталды. Алайда жол полицейлерінің жұмысы мұнымен тоқтамай, керісінше күшейе түседі. Өйткені өткен жылы өңірімізде 311 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 68 адам қайтыс болып, 376 азамат жарақат алған.

Айдана Демесінова