Спорт

Азиадаға арналған шара

 

 

 

 

  7-қысқы Азия ойындарының Қазақстанда өткізілуі ел халқы үшін үлкен мәртебе. Сондықтан республика көлемінде жауапты шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Әсіресе  спорттық сайыстың маңызы жайлы жастар арасында кеңінен насихатталуда. Осы орайда қала мен аудан мектептерінде ашық сабақтар өткізіліп, жасөспірімдер де 7 қысқы Азия ойындарынан шет қалмады. Қызылжар ауданындағы Бескөл селосының «Парасат» мектеп-лицейінің ұстаздар ұжымы айтулы шараға орай дәстүрлі емес акция ұйымдастырыпты.

Ермек Ибраев, «Парасат» мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің оқытушысы:
-Біздің мектепте 7-ші  Қысқы Азия ойындарына арналған шара өткізілуде. Мақсатымыз Азиадаға байланысты балаларды спортқа тарту. Бізде жақсы спортшылар баршылық.

Азия ойындарында еліміздің намысын  солтүстікқазақстандық 5 спортшы қорғайды. Оқушылар акция барысында жергілікті спортшылармен қатар дүбірлі дода бағдарламасына енгізілген спорт түрлері жөнінен де мәлімет алды.
«Парасат» гимназиясының оқушылары  талай жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Әсіресе футбол, каратэ, күрестен ел деңгейінде биік шыңдарды бағындыруда. Сол себепті білім шаңырағы жоғары сыныпта оқитын үздік спортшыларына құрмет көрсетіп,  құрмет грамоталарын табыс етті. Үлкен спорттық дода қарсаңында марапатқа ие болғандардың бірі – 10-сынып оқушысы Азамат Тасболатов. Грек-рим күресімен әуестенетін гимназия  оқушысы  бүгінгі кездесуге үш жыл ішінде жинаған алтын, күміс, қола медальдарын мойнына асып келіпті.

  Азамат Тасболатов, «Парасат» мектеп-лицейінің оқушысы:
-Осы акцияның біздің жастарға үлкен әсері болады.  Себебі жастарды спортқа тартады. Азия ойындарының Қазақстанда өтіп жатқанына қуаныштымын.

Салтанатты шара барысында ағаларының ізін басқан кішкентай спортшылар бокс пен каратэден  өз өнерлерін көрсетті.  Оқушылар Азия ойындарына арналған акцияға оң бағаларын беруде. Олардың айтуынша бұл олимпиада жайында барша қазақстандық білуі керек. Өйткені 20-дан астам мемлекеттің басын біріктіретін жарысты өткізу кез- келген елге бұйыра бермейтіні хақ.

Гүлден Сәрсенбаева