Құқық қорғау органдары

Көші-қон полициясы 2010 жылды қорытындылады

 

 

 

 

 

12 айда көші-қон заңдарын бұзған 8,5 мыңнан аса шетел азаматы жауапқа тартылған. 637-сі сот шешімімен ел аумағынан аластатылыпты.  
 

Есенгелді Құлмағамбетов,  СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы:
 – 727 адам алыс шетелден болса, ТМД елдерінен 70 769 адам келген. Оның басым бөлігі Ресей Федерациясынан.

Бұл көші-қон полициясына уақытша тіркеуге алынған шетел азаматтарының саны. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, біздің аймаққа келетін  қонақтардың барлығы бірдей тәртіп сақтай бермейтін көрінеді. Мәселен, өткен жылы көші-қон заңын бұзған 1 539 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның 92-сі шетелдіктерді арзан жұмыс күші ретінде пайдаланғандар. Мәселен, 2010 жылы Петропавлда “Метро” ойын-сауық кешенінің маңынан Өзбекстанның 4 азаматы жасырын кондитерлік өнімдер шығарумен айналысып жатқан жерінен ұсталған. Олар санитарлық нормаға қайшы жағдайда 1 айдай өнім өндіріп, қала тұрғындарына сатып үлгерген. Көші- қон полицейлерінің айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттер құрылыс нысандарында да жиі кездеседі екен. Әсіресе, күнкөрісін айыруға Тәжікстан, Қырғыстан сияқты көрші елдерден келетіндердің қатары қалың. Енді тәртіп сақшылары осы фактілердің алдын алу үшін көші-қон заңнамасына жаңа өзгерістер енгізген.

  Есенгелді Құлмағамбетов,  СҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы:
 – 2010 жылдың бірінші наурызынан визаларды берудің жаңа тәртібі күшіне енді, оған сәйкес ішкі істер органдары “шығу” санатындағы визаларды ғана береді және “оқуға”, “емделуге”, “тұратын мекен-жайы” санатындағы визаларды ұзарта алады. Сонымен қатар Көші- қон полициясы басқармасында оралмандар мен босқындарды есепке алу бөлімшесі құрылды.

Бөлімше атамекеніне қоныс аударған қандастарымыздың құжаттарын қабылдау, оралман мәртебесін беру, квотаға енгізу жұмыстарын атқарады. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында мұндай қызмет түріне 23 отбасы жүгінген. Нәтижесінде Ресей мен Өзбекстаннан 7 шаңырақ, Монғолиядан 6 отбасы оралман мәртебесін алды.
Кездесуде ағымдағы жылы жасалған қылмыстар жайы да талқыланды. Сараптамаға сүйенсек, өткен аптадан бері 67 заң бұзушылық тіркеліпті. Оның құрамына 53 ұрлық пен нашақорлық, алаяқтық, тәртіпсіздік әрекеттері кіреді. Атап өтетіні осы қылмыстардың 70 пайызы толығымен ашылған.

Гүлден Сәрсенбаева